Қазақстандық клубтар Еуропа лигасында қанша табысқа кенелді?

Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) Еуропа лигасының іріктеу кезеңіне қатысқан командаларға қанша сыйақы берілетінін жариялады. Бұл туралы vesti.kz сайты жазды.

Еуропа лигасының іріктеу кезеңіне «Ордабасы», «Ақтөбе» мен «Қайрат» командалары қатысқан еді. «Астана» Чемпиондар лигасынан сүрініп, Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне түсті.

«Ордабасы» мен «Ақтөбе» бірінші іріктеу кезеңінен өте алмады. Шымкенттік клуб екі ойын қорытындысы бойынша Сербияның «Чукарички» (0:3, 3:3) командасына жол берді. Ал «Ақтөбе» Венгрияның «МТК» клубына (1:1, 0:2) ұтылған-ды. Екі клуб іріктеу кезеңіне қатысқаны үшін 215 000 евро сыйақы алады.

Алматының «Қайрат» клубы бірінші кезеңнен сүрінбей өтті. Албанияның «Теута» командасын екі ойында да (1:0, 5:0) айқын ұтты. Алайда екінші кезеңде Израильдың «Маккаби Тель-Авив» командасына ұтылды. Алматыдағы ойын 1:1 есебімен аяқталса, Израильде алаң иелері 2:1 есебімен басым түсті. Қазақстандық ұжым екінші іріктеу кезеңіне өткені үшін 440 000 евро сыйақы алатын болады.

«Астана» Еуропа лигасына плей-офф кезеңінен бастап қатысты. Себебі Чемпиондар лигасынан шығып қалды. Плей-оффта Беларусь елінің «БАТЭ» клубынан екі ойын қорытындысы бойынша басым түсіп, топтық кезеңге өтті. Ол үшін команда 2 миллион 600 000 евро табысқа кенелді. Ал топтық кезеңде Швейцарияның «Янг Бойз» командасымен тең түскені үшін 120 000 евро алады. «Астананың» әлі топтық кезеңде өткізетін 3 ойыны бар.

Айта кетейік, «Астана» өткен маусымдағы сәтті ойыны үшін (Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан) 17 292 000 евро сыйақы алады.