Қазақстандық боксшы қыз бірде-бір жекпе-жек өткізбей финалға шықты

Қазақстандық боксшы қыз бірде-бір жекпе-жек өткізбей финалға шықты
Фото: kfb.kz, otyrar.tv

Қазақстандық боксшы қыз Дина Исламбекова бірде-бір жекпе-жек өткізбей Будапештте (Венгрия) өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатының финалына шықты, - деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

81 кг-нан жоғары салмақта әлем чемпионатына 3 боксшы қыз ғана келген. Оның бірі - Азия чемпионы Дина Исламбекова. Ал үндістандық Неха Ядав пен украиналық Мария Ловшинска жартылай финалда жұдырықтасады. Жеңгені финалда қазақ қызымен кездеседі.

31 тамызға дейін жалғасатын жас боксшылар бәсекесіне 66 елдің спортшылары қатысуда. Алғаш рет қыздар мен жасөспірімдер арасында біріктіріліп өткізілуде.

Қазақстандық жас боксшылар Будапештте сәтті өнер көрсетуде. Сағындық Тоғамбай (81 кг), Ермахан Жақпеков (69 кг), Анель Құдайберген (48 кг), Нұрбек Оралбай (75 кг), Махмұд Сабырхан (49 кг) мен Гузаль Садықова (- 81 кг) жартылай финалға шықты. Моңғол боксшы қызын жеңген Жансая Әбдіраймова ширек финалға шықты. Онда ресейлік Любовь Шараповамен кездеседі.

Рахат Серкебаев (52 кг), Бейбарыс Жексен (56 кг), Талғат Шәйкен (64 кг) мен Рахат Сейітжан (60 кг) жартылай финалға өте алмады.

Бүгін тағы төрт боксшымыз шаршы алаңға шығады. Финалдық жекпе-жектер 30-31 тамызға жоспарланған.

О. Сансызбай