Күні кеше Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) аясында еліміздің Astana Arlansбокс клубы мен Ресейдің Patriot Boxing Teamкомандалары кездесті. Санкт-Петербургте өткен бокс кешінде шаршы алаң иелері жеңіске жетті. 24 ақпан күні Көкшетауда өткен топтағы алғашқы кездесуде қазақстандық команда қарсыластарын 5:0 есебімен ұтқан еді. Бұл жолы ресейлік боксшылар сол есесін қайтарды. Сәкен Бибосынов Павел Гунченкоға, Серік Теміржанов Абубакар Айдамировке есе жіберді. Төрешілер аз да болса ресейлік боксшылар басымдық танытты деп шешім шығарды. Бекзод Халметов пен Шаймұрат Құссайынов та қарсыластарын жеңе алмады. Ал аса ауыр салмақта өткен Нұрсұлтан Аманжолов пен Шигабудтин Алиев арасындағы жекпе-жектің нәтижесі күмәнді болды. Жекпе-жекті көрген жанкүйерлер қазақстандық боксшының жеңіске жеткеніне күмән келтіре қоймайды. Тіпті шаршы алаңдағы шайқасты жүргізген комментаторлардың өзі отандасы жеңіске жеткенде таңданыстарын жасыра алмады. Себебі Шигабудтин жекпе-жек кезінде бірнеше рет тізерлеп тұрды. Нокаут болғандай да көрінген. Әйтсе де төрешілер кездесуді соңына дейін созып, жеңісті 2:1 есебімен (46:46, 45:49, 47:47) ресейлік боксшының еншісіне жазды. Екі төреші тең есеп көрсеткенмен, Нұрсұлтан көп ескерту алды деп бағалаған. Айта кетейік, әуесқой бокста төрешілер жиі қателесетін немесе бұра тартатын сәттер арагідік кездесіп тұрады. 2016 жылы Рио Олимпиадасының финалындағы отандасымыз Василий Левит пен ресейлік Евгений Тищенко арасындағы кездесудің нәтижесі де күмәнді болған еді. Astana Arlansжаңа маусымда топта алғаш рет жеңілді. Ресейлік командамен бірге топта 6 ұпаймен үзіңгі қағыстырып келеді. Қазақстандық клуб келесі кездесуін 24 наурыз күні Indian Tigersкомандасына қарсы өткізеді.