Футболдан Қазақстан премьер-лигасы тарихындағы ең жылдам соғылды, - деп хабарлайды KazFootball.kz.
Ел премьер-лигасының жаңа рекорды бүгін өткен "Тобыл" мен "Оқжетпес" командалары арасындағы ойында тіркелді. Қостанайлық клубтың шабуылшысы Жасұлан Молдақараев қонақтар қақпасына бар болғаны 10 секундтың ішінде гол соғып үлгерді.
Осыған дейін Қазақстан премьер-лигасы тарихындағы ең жылдам гол көрсеткішін Александр Гейнрих пен Сергей Шафф еншілеріне жазып келген еді. 2015 жылы Александр "Тобыл" қақпасына, 2017 жылы Сергей "Ақтөбе" қақпасына 18 секундта гол соққан болатын.
Ең жылдам гол соғылған ойында "Тобыл" "Оқжетпесті" 4:1 есебімен ұтты.
Айта кетейік, қазіргі таңда әлемдегі ең жылдам соғылған голдар саны бірнешеу. Олардың барлығы да төреші ысқырығы шалынысымен, алаң ортасынан бағытталып, нәтижелі аяқталған. Бірақ, оның біреуі ғана Гиннестің рекордтар кітабына енген. Ол голды аргентиналық футболшы Рикардо Оливейра соққан. Оның есімі жазылған рекорд 1998 жылы тіркелген. Аргентинаның «Сориано» командасының ойыншысы жергілікті «Рио-Негро» қақпасына 2,8 секундта гол соққан. Әзірге дейін бұл рекордқа түзету енгізілген жоқ.
2009 жылы Сауд Арабиясында футбол тарихындағы ең жылдам гол соғылды. Наваф Әль Абед есімді шабуылшы ойын басталғанына 2 секунд өтпестен таблодағы есепке өзгерту енгізген. Бірақ, бұл нәтиже де рекорд ретінде есепке алынбады. Себебі, алаңға шыққан барлық ойыншылардың жасы 23-тен аспаған екен. Нәтижесінде Наваф Әль Абедтің голы бейресми түрде, әлемдегі ең жылдам соғылған гол ретінде ел есінде қалды.