Қазақстан құрамасының бас бапкері мен капитаны кімдерге дауыс берді?

Футболдан 2014 жылғы «Алтын допты» Криштиану Роналду жеңіп алды. Осы орайда, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері мен капитаны, және бір тілшінің кімдерге таңдауы түскенін айта кеткенді жөн санап отырмыз.

Криштиану Роналду дауыс беру қорытындысы бойынша, басты қарсыластарынан екі есе көп нәтижеге ие болған. Оны дауыс берушілердің 37,66 %-ы қолдаған. Лионель Месси 15,76 % қолдауға ие болса, Мануэль Нойер 15,72 % көрсеткішпен шектеліпті. Дауыс беру рәсіміне 181 елдің бапкері, 182 елдің құрама капитандары, 181 елдің бір-бір спорт тілшілері қатысқан.

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Юрий Красножан дауыс беруде бірінші орынға Арьен Роббенді қойыпты. Екінші орынға – Криштиану Роналдуды қойса, үшінші орынға Анхель Ди Марияны лайық деп таныпты.

Ұлттық құрама капитаны Танат Нөсербаев болса, бірінші орынға – Криштиану Роналдуды, екінші орынға – Златан Ибрагимовичті, үшінші орынға – Тони Кроосты қойған. Ал БАҚ атынан дауыс берген Гений Төлегенов болса, бірінші орынға неміс қақпашысы Мануэль Нойерды қойып, одан кейінгі орындарды Криштиану Роналду мен Лионель Мессиге «сыйлапты».

Айта кетейік, «Алтын доп» иегері ұлттық құрамалардың бас бапкері мен команда капитаны, және ФИФА қауымдастығына мүше бір тілшінің дауыс беруі арқылы анықталады. Футбол мамандары тарапынан берілген дауыс беруде бірінші белгіленген ойыншы - 5 ұпай, екінші есімі аталған ойыншы – 3 ұпай, үшінші орыннан көрінген ойыншы 1 ұпай еншілейді.

Сурет:fanatik.kz