Қазақстан ұлттық құрамасы танымал футбол симуляторы "Pro Evolution Soccer 2020" ойынына ресми түрде енді.
Бұған дейін қыркүйек айында жарыққа шығатын PES 2020 симуляторы ойынға енген барлық құрамаларының тізімін жария еткен болатын. Бұл тізімге алғаш рет Қазақстан құрамасы кіріп отыр. Осы күнге дейін біздің команда PES ойынында да, оның басты бәсекелесі FIFA-да да болған емес. Сондай-ақ бүгін белгілі болғандай, Pro Evolution Soccer симуляторы УЕФА мен ЕУРО-2020 турнирінің ресми серіктесі атанды. Осы себепті ойынның алдағы сериясында УЕФА-ға мүше болған барлық құрамалар енді.
Күні кеше "Konami" компаниясы Қазақстан ұлттық құрамасын "Pro Evolution Soccer 2020" ойынында ресми таныстырды. Қазақстан құрамасы Adidas компаниясы ұсынған көк жолағы бар сары жейдеде ойнайтын болады. Әдепкі қалып бойынша ұлттық құраманы 5-ші нөмірлі Исламбек Қуат алаңға бастап шығады.
Әзірге белгілі болғандай, Қазақстан құрамасына екі жұлдыз табысталған. Салыстыра алатын болсақ, ЕУРО-2020 іріктеу кезеңіндегі қарсыласымыз Ресей құрамасына төрт жұлдыз берілген. Қазақстан құрамасының жалпы көрсеткіші – 66. Оның ішінде, шабуыл шебі 68, жартылай қорғаныс 66 және қорғаныс шебі 63-ке тең.
"Konami" компаниясы Қазақстан құрамасымен жіті жұмыс істеуге уәде берген болатын. Көріп отырғанымыздай ұлттық құрама шын форма алыпты. Енді Қазақстан құрамасының бес ойыншысының бет-бейнесі жасалады. Әзірге олардың нақты кімдер екені белгісіз.
"Pro Evolution Soccer" ойынын Жапонияның Konami студиясы әзірлейді. Алғашқы сериясы сонау 1996 жылы шыққан, алайда "PES" атауы тек 2001 жылы қолданысқа енгізілді.
Айта кетейік, PES 2020 симуляторы 27 қыркүйек күні жарық көреді.