Ертең Астана қаласында еліміздегі ірі додалардың бірі саналатын «Қазақстан барысы» турнирі өтеді. Биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған турнирді әлемде 500 миллионға жуық көрерменнің тамашалауына мүмкіндік бар. Бұл туралы ҚР қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
- Қазіргі таңда жарысты еліміздегі ірі арналардың қатарына жататын «KazSport» пен «Қазақстан» тікелей эфирде таратады. 5-6 сағат бойы тікелей эфирде тарататын жарысты 5-6 миллион қазақстандықтар тамашалай алады, - деді Арман Шораев баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, федерация президентінің айтуынша ресейлік «Боец» пен Түркияның «TRT Avaz» телеарналары да көрсететін болады. Шетелдік қос арна мен қазақстандық арналардың көрермендерін қоса есептегенде, «Қазақстан барысын» әлемнің 80 елінен 500 миллионға жуық көрермен тамашалай алады екен.