- Негізгі бет
- Бұл қызық
- Қазақстан 2018 жылғы...
Қазақстан 2018 жылғы қысқы Олимпиадада жүлде алмайды - Gracenote
Танымал "Gracenote" статистикалық агентігі 2018 жылы Пхенчханда (Оңтүстік Корея) өтетін қысқы Олимпиада ойындарына болжам жасады. Олардың сараптауы бойынша қазақстандық спортшылар жүлделі орыннан көріне алмайтын көрінеді.
Статистикалық агенттіктің сараптауы бойынша Оңтүстік Корея жерінде норвег спортшылары жалпыкомандалық есепте бірінші орын алады екен. Агенттік сарапшылары Скандинавия түбегінің өкілдері бұл додада 15 алтын 11 күміс 14 қола медаль еншілейді деп топшылап отыр. Сондай-ақ алғашқы үштікке Германия (13 алтын 11 күміс 10 қола) мен АҚШ (10 алтын 11 күміс 11 қола) құрамалары енеді деп болжаған.
2018 жылғы қысқы Олимпиада Франция құрамасы үшін табысты болмақ. Сарапшылар француз құрамасының жетістігін Мартен Фуркад (биатлон) пен Мари Дорен-Абер (биатлон) есімімен байланыстырып отыр.
«Gracenote» статистикалық агентігі 2018 жылғы Олимпиадада 29 елдің спортшылары жүлдегерлер қатарынан көрінеді деп топшылауда (соңғы үш Олимпиадада тек 26 елдің спортшылары жүлдегер атанған). Ал бұл қатарда Қазақстан құрамасы жоқ. Сондай-ақ Сочи Олимпиадасында жүлде алған Хорватия мен Украина елдері де жүлдесіз қалады деп болжанған.
Пхенчхандағы ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарына әлі бір жылдай уақыт бар. Бұл аралықта статистикалық агенттік бірнеше рет өз болжамдарын жаңартатын болады.
Айта кетейік, Рио Олимпиадасы алдында "Gracenote" қазақ спортшылары 4 алтын 3 күміс 9 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 23-орын алады деп болжаған еді. Бразилия жерінде қазақ спортшылары 3 алтын 5 күміс 9 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте 22-орын алды.
О. Сансызбай