Қазақ боксшылары бір жыл бойы жарнама роликтеріне түсетін болды

Қазақстан бокс федерациясы Procter&Gamble компаниясымен келісім жасасты. Енді қазақстандық боксшылар бір жыл бойы компанияны жарнамалайды. Ал мекеме сол аралықта боксшылардың бүкіл шығынын көтереді.

Procter&Gamble компаниясы көп жылдан бері әлемнің әр мемлекетінде өзінің жарнамаларында спортшыларды пайдаланып келеді.

Мәселен, әлемге әйгілі футболшылар Лионель Месси мен Мэтт Хуммельс, жүзгіш Майкл Фелпс, хоккейші Хенрик Лундквист, биатлоншы Эмиль Свенсен, жеңіл атлет Александр Шустовтың компанияның жарнамасын жасап жүргені белгілі.

Ал Қазақстанда мұндай акция алғаш рет қолға алынып отыр. Тәжірибе ретінде компания еліміздің боксшыларын таңдап алыпты. Себебі, бокс Қазақстан халқының сүйікті спорт түрі.

Халықаралық ареналарда еліміздің намысын қорғап жүрген сайыпқырандарымыздың алдағы уақытта Procter&Gamble сусабынының жарнамасын жасағанын көзіңіз шалса, таң қалмаңыз.

Жарнамаларды мерзімді басылымдардан, каталогтардан, постерлерден, баннерлерден, ғимарат сыртындағы жарнамалардан, тіпті, телеарналардан көруіңіз әбден мүмкін.

Қазақстан бокс құрамасының капитаны Данияр Елеусінов қатысқан алғашқы жарнамалық ролик Алматы қаласында түсірілген.

Дереккөз: BNews