Алматының «Қайрат» футбол клубы құрамындағы ойыншылардың құны бойынша Қазақстандағы ең қымбат клубтардың көшін бастады. Бұл туралы vesti.kz сайты хабарлап отыр.
Немістің «Transfermarkt» басылымының мәліметі бойынша, алматылық ұжымның құрамы 14,10 миллион евроға бағаланып отыр. Екінші орында елордалық «Астана» орналасқан. Өткен маусымда ел чемпионы атанып, Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде алғаш рет ойнаған команданың жалпы құны 14 миллион евроға бағаланып отыр. Құрамы бойынша ең қымбат клубтардың үштігін Павлодардың «Ертіс» клубы (8,78 миллион евро) түйіндеп тұр.
Одан кейінгі орындарға «Тобыл» (8,03 миллион евро), «Ордабасы» (7,85 миллион евро), «Атырау» (6,45 миллион евро), «Ақтөбе» (6,18 миллион евро), «Шахтер» (5,95 миллион евро), «Жетісу» (5,38 миллион евро), «Тараз» (5,35 миллион евро), «Оқжетпес» (4,95 миллион евро) және «Ақжайық» (3,05 миллион евро) клубтары орналасқан.
Айта кетейік, ел премьер-лигасында әлі ойыншылардың ауысым кезеңі аяқталған жоқ. «Трансфер терезесі» 3 сәуір күні жабылатын болады. Ал оған дейін қазақстандық клубтардың құрамына ойыншы қосуына толықтай мүмкіндіктері бар.
Өткен маусымда құрамы бойынша ең қымбат клуб «Астана» (12,85 миллион евро) болса, «Қайрат» (10,9 миллион евро) екінші орында болатын.