Катар елінің үкіметі ағылшын Премьер-Лигасының төрт клубына енді құрыла бастаған Dream Football League (DFL) жарысына қатысу жайлы қызығарлықтай ұсыныс жасады.
Бұл жоба DFL-ға әлемнің ең үздік 24 клубының қатысуын қарастырған. Жарысты әр екі жыл сайын, жаз мезгілінде (Әлем чемпионаты, Еуропа чемпионаты секілді ірі додалар жоспарланбаған кезде) өткізіп тұру жоспарлануда.
Катарлықтардың жасаған жобасы бойынша 24 катысушының тек 16-сы ғана DFL-дің келесі маусымына жолдама ала алады. Ал ең төменгі сатыда орналасқан сегіз клубтың орнын әлемнің басқа командалары басады.
Daily Express-тің ақпаратына сүйенер болсақ, Катар төрт ағылшын клубына ұсыныс жасап қойған: «Манчестер Юнайтед», «Манчестер Сити» «Челси» және «Арсенал». Және әр командаға жарысқа қатысқаны үшін 175 миллион фунт уәде етілген. Бұл сыйақы мөлшерін айтпағанның өзінде.
Dream Football League-тің тұсауы 2015 жылдың жазында кесілуі мүмкін. Болашақта Чемпиондар Лигасына тікелей қауіп төндіруі мүмкін бұл жарысты франциялық ПСЖ клубы да қолдап отыр. Катардан айтарлықтай демеушілік қаражат алатын «Барселона» клубы да аталған жарысқа мүше болуы әбден мүмкін.
Айта кетсек, бұл жоба әлі де ФИФА және УЕФА-мен жасалған көптеген келісім-шартты қажет етеді. Сондықтан еуропалық топ-клубтардың ресми өкілдері осы мәселеге байланысты ештеңе мәлімдемеуі де осыдан.
Дайындаған: Ерғали Елдос
Сурет: theoriginalwinger.com