Қарағандылық кеншілер кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинді қолдап, айрықша флешмоб ұйымдастырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.
- "Шұбаркөл көмір" АҚ "Ценральный" және "Западный" разрезінің кеншілері танымал кәсіпқой боксшы, жерлесі Геннадий Головкинге алдағы Стив Роллспен болатын жекпе-жекте жеңіс тілейді. Әрбір соққысы 100 мың кубометрдегі жарылыс секілді жойқын болсын, - деп жазылға видео сипаттамасында.
Шағын видеоролик YouTube желісіндегі ERG Kazakhstan арнасында жарияланған. Осылайша жұмысшылар жерлестеріне айрықша қолдау білдірген. Олар қазақстандықтарды қолдауға шақырып, әлеуметтік желілерде #GGGалға, #GGGalga, #GGGbizbirgemyz, #GGGмывместе хэштектерімен қолдауға шақырады.
Идея авторлары хабарлағандай, видеоға түсу шарасына 300 жұмысшы атсалысқан. Түсірілім өнеркәсіп аймағында өткен. Ал видеоны түсіру кезінде кеншілер арнайы жарылыс жасаған. Оның аумағы 900 квадрат метрді құраған.
- Жарылыс жасау үшін 12 тонна жарылғыш зат пайдаланылды. Ал жарылыс болған жердегі тас массасының салмағы 97 мың кубометр болды, - дейді ұйымдастырушылар. Кеншілер жерлестерінің жекпе-жегін асыға күтіп жүр және жеңіске жететініне сенімді.
Айта кетейік, Геннадий Головкин келесі кездесуін 8 маусым күні (Қазақстанда 9 маусым таңда) Нью-Йорктағы Madison Square Garden аренасында өткізеді. Қарсыласы - канадалық Стив Роллс.
Отандасымыз DAZN стримингтік сервисіндегі келісімшарты бойынша алғашқы жекпе-жегіне шығады.