8 қазан күні қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам Майамиде Доминикан Республикасының боксшысы Джонатан Батистаны бірінші раундта-ақ нокаутпен жеңіп, ел мерейін асырған еді. Бүгін боксшы жекпе-жегінің әуесқой түсірілімі ғаламтор бетінде пайда болды.
Қанат Исламның спорттық мансабындағы жиырмасыншы жекпе-жегін ұлттық арналар тікелей эфирде көрсеткен жоқ. Бұл үшін жанкүйерлердің өкпесі қара қазандай да болған еді. Өз кезегінде ұлттық арна қазақстандық боксшының жекпе-жегін неге көрсетпегені туралы түсінік те берді. Бұл туралы ресми сайтында хабарлады.
- Көпшілікке аян, Қанат жекпе-жектерінің барлығын шетелде өткізіп жүр. Кәсіпқой бокста рейтингтің маңызы зор екені аян. Ал, Ислам бұл салаға жаңа келген адам. Оның үздік боксшылар тізімінде бар болғаны 90-шы орында тұрғаны және белгілі. Сол себепті әзірше ол өткізген кездесулер халықаралық трансляциялар тізіміне ілінбеуде.
Қанаттың жиырмасыншы жекпе-жегі де аталған себеппен көпшілік назарынан тыс қалды. 7 қараша күні Майамиде өткізілген бокс кешінің басты кездесуі - ганалық Фредерик Лоусон мен Кевин Бизье арасындағы жекпе-жек тек жартылай ортақ салмақтағы IBF title eliminator атағына талас болатын. Ал мұндай жекпе-жектер кәсіпқой бокс әлемінде жоғары бағаланбайды. Сондықтан, бокс кеші толығымен көпшілік үшін қолжетімді телеарна емес, көрсетілімді әлемге таратуға лицензиясы жоқ интернет-арна ғана көрсетті, - деді ресми сайтында.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қанат Ислам «WBA Fedelatin» атағына ие. Джонатан Батистаға қарсы кездесуде отандасымыз өз атағын екінші рет абыроймен қорғап шықты.