Естімеген елде көп. 2017 жылы антидопинг ережесін бұзып, жарыстардан шеттетілген кениялық желаяқ әйел Шиис Чепкосгей ер адам болып шықты, - деп жазады Nairobi News.
Спортшының допинг сынамасынан 2 жыл бұрын күш-қуатты арттыратын дәрі табылған. Ол дәрі көмегімен 2016 жылдың қазан айында Малайзия жартылай марафонына қатысқан. Кейіннен антидопинг ережесін бұзғаны үшін 4 жыл жарыстардан шеттетілген.
Шиис Чепкосгей соңғы уақытта Кениядағы ауруханалардың бірінде медбике болып қызмет атқарған. Оның жынысына күмәнданған әріптестері полиция шақырып, жағдайды айтқан.
Бастапқы тексеру нәтижелері бойынша Шиис Чепкосгей ер адам екені анықталған. Дегенмен алдағы уақытта ол толықтай тексеруден өтетін болады.