"Челси" командасының шабуылшысы Фернандо Торрес бала кезде көрген бір мультфильмнен соң футболшы болуға бекініпті.
"Есімде, мектепте оқитын бүкіл балалар болып футбол туралы жапондық «Цубаса капитан» мультфильмін көруші едік. Жастар құрамасынан орын алып, әлем чемпионы атанып, одан ары "Барселона" мен "Бавария" командасына жол шегетін екі жас жігіт туралы болатын. Иә, аталған дүние Испанияда «Оливер мен Бенжи» деп аударылған. ...Кез келген футболшының арманы емес пе?!" - деп Торрес "Челсидің" ресми сайтына берген сұхбатында айта кетіпті.
"Мен футболды осы мультик үшін және бауырым үшін ойнай бастадым. Маған осы бір сериал қатты ұнайтын. Бенжи қақпада тұратындықтан, одан гөрі алаңда ойнайтын Оливер болғым келетін-ді"- депті Торрес.
Естеріңізге сала кетсек, 13 желтоқсан күні "Челси" командасы клубтар арасында өтіп жатқан әлем чемпионатының жартылай финалында мексикалық «Монтеррей» командасымен бақ сынасады. Міне, осы тұста испандық сұрмерген аталған турнирге көп адамның аса үлкен мән бере бермейтінін айтқан.
"Адамдар қалай ғана осы жарысқа баса назар аудармайды екен? Клубтар үшін басты турнир екені сөзсіз. Әсілі, Еуропада ешкім көңіл аудара бермейтіндіктен шет қалып жатары анық. Бірақ, маған демалыс та, үзіліс те болып көрінбейді..."- деп Торрес сөзін сабақтай кетіпті.
сурет:chelsearus.com
Дайындаған: Фараби Арыстанбек