Кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген отандасымыз Жанат Жақияновтың промоутері, бапкері әрі «Hatton Promotions» компаниясының иегері Рикки Хаттон туиттердегі қалдырған хабарламасынан кейін тоналып қалды. Ұрылар бокс әлеміндегі беделді тұлғаның үйінде жоғын біліп, бағалы дүниелерін қолды қылған.
Оқиға орын алар алдында, Рикки Хаттон туиттер әлеуметтік желісінде «Sky Sports» арнасына қонаққа бара жатқанын хабарлаған. Көптен бері тонауды жоспарлап жүрген ұрылар хабарламаны оқи сала өз істеріне кіріскен. Үйінде ешкім жоғын сәтті пайдаланып кеткен. Себебі, Рикки Хаттон тоналған үйін жақында ғана сатып алған көрінеді. Дабылдар жүйесі мен бейнекамералар қойып үлгермеген екен. Ұрылар промоутердің ең қымбат сағаты мен несие картасын өздерімен ала кетіпті.
- Мен бұл оқиғаға таң қалып отырмын. Егер кімде-кім ұрылар туралы ақпарат немесе көрген болса, полицияға барып айтуын сұраймын. Мен оған сыйақы дайындап отырмын, - деген Рикки Хаттон оқиғадан кейін.
Айта кетейік, қазақстандық боксшы Жанат Жақиянов «Hatton Promotions» промоутерлік компаниясымен бірге жұмыс жасап келеді. Компания иегері мен бапкер Рикки Хаттон жерлесіміздің осы уақытқа дейін өткізген кездесулердегі өнерін жоғары бағалап жүр.
Сурет: hattonboxing.com
Оқи отырыңыз
Жанат Жақиянов кезекті жекпе-жегін жеңіспен аяқтады (видео)
Кәсіпқой бокстағы қос ұйым бірігуі мүмкін
Кәсіпқой бокста ел намысын кімдер қорғап жүр?
Әуесқой және кәсіпқой бокстың ережелері мен айырмашылықтары