Индонезияның "Борнео" командасында ойнайтын Теренс Пухири есімді футболшы асқан жылдамдығымен жұртты таңдандырды. Twitter желісіндегі FootyMemes парақшасында жарияланған шолуда футболшы 60 метрді 6 секундта жүгіріп өткен.
21 жастағы футболшының бойы 157 сантиметр екен. Бойы аласа болса да, футболшының шапшаңдығына таңданғандар саны көп. Әлеуметтік желілерде оны әлемдегі ең жылдам футболшы деп те атауда.
Кей әлеуметтік желі қолданушылары Теренс Пухириға дортмундтық "Боруссияға" ауысуға кеңес берген. "Неміс командасы келер жылы Усейн Болтпен осы ойыншыны алса екен" - деп пікір қалдырғандар да кездескен.
Теренс Пухири гол соққан ойында "Борнео" "Митра Кулар" командасын 4:0 есебімен ойсырата ұтты.
Айта кетейік, әйгілі желаяқ Усейн Болт 2018 жылы футболдағы мансабын бастайтыны туралы айтқан болатын. Ямайкалық спортшы "Манчестер Юнайтед" командасына жанкүйерлік танытады. Ал осыған дейін "Боруссия д" сапында жаттығуларға қатысып үлгерді.