Футболдан Чемпиондар лигасы тарихында ең жылдам дубль жасаған ойыншылар рекорды жаңарды. Түнде өткен Ювентус пен Тоттенхэм клубтары арасындағы кездесуде Гонсало Игуаин 8 минут 7 секунд ішінде 2 гол соғып (дубль жасап) үлгерді. Туриндік клубтың аргентиналық сұрмергені ойындағы алғашқы голын 2 минутта соқты. 9 минутта пенальтиді сәтті орындап, өз рекордын орнатты. Осыған дейінгі ең жылдам дубль рекорды аргентиналық Хулио Рикардо Крус еншісінде еді. Ол 2006 жылы Интер сапында ойнап, Мәскеудің Спартак командасы қақпасына 8 минут 30 секунд ішінде 2 гол соққан еді. Гонсало Игуаин рекорд жасаған ойында Ювентус пен Тоттенхэм 2:2 есебімен тең тарқасты. Тіпті аргентиналық шабуылшының ойында хет-трик жасауға мүмкіндігі болған. Алайда бірінші тайм аяқталар тұста футболшы пенальти тебуде қателесті. Ағылшындық клуб сапында Харри Кейн мен Кристиан Эриксен гол соқты. Қос команда арасындағы қарымта кездесу 8 наурыз күні өтеді. Екі ойын қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда ширек финалға шығады. Түнде Ювентус пен Тоттенхэм командаларынан өзге Базель мен Манчестер Сити де 1/8 финалдағы алғашқы ойындарын өткізді. Ағылшындық ұжым сырт алаңда қарсыластарын 4:0 есебімен ұтып, ширек финалға шығуға жақындай түсті. Ойында Илкай Гюндаган 2 гол, Серхио Агуэро мен Бернарду Силва бір-бір голдан соқты. Қарымта кездесу 8 наурызда өтеді. Бүгін түнде Чемпиондар лигасы 1/8 финалындағы тағы екі ойын өтеді. Порту (Португалия) өз алаңында Ливерпульмен (Англия), ПСЖ Мадридте Реалмен ойнайды.