Хосеп Гвардиола: "Месси мен Неймардың тіл табысып кететіндігіне сенімдімін"

Хосеп Гвардиола: "Месси мен Неймардың тіл табысып кететіндігіне сенімдімін"

"Барселонаның" экс-жаттықтырушысы, қазіргі кездегі мюнхендік "Бавария" клубының бапкері Хосеп Гвардиола каталониялық клуб қатарына жаңадан қосылған Неймардың алаңда Мессимен тез тіл табысып кететіндігіне сенімді. Ал спорт журналистерінің ойынша жаңа клубында Неймар мен Месси арасында атқаратын қызметтеріне байланысты кикілжің туындауы әбден мүмкін екен.  

Ал Хосеп Гвардиоланың ойы мүлдем бөлек: - "Барса" қашан да тек жоғары кластағы ойыншыларды ғана өз қатарына қосады. Оның ішінде Неймар мен Мессидің алатын орындары ерекше екені белгілі. Мен Мессиді бес саусағымдай білемін. Ол бірінші кезекте керемет адам және тамаша футболшы. Сондай-ақ Неймармен де кездестім. Ол туралы да мен тек жақсы пікір айта аламын. Сондықтан Месси мен Неймардың тіл табысып кететіндігіне сенімдімін",-деп мәлімдеді Гвардиола.  

Одан бөлек 42 жасар испан маманы Конфедерация Кубогының нәтижелері жөнінде де өз ойын айта кетіпті. Естеріңізге салсақ, турнирдің финалдық матчында алаң иелері Бразилия құрамасы Испанияны 3:0 есебімен тізе бүктірген еді. "Испанияның жеңілісі - бұл қалыпты жағдай. Бразилиялықтар физикалық тұрғыдан мықты дайындықтан өткендіктерін көрсетті. Бірақ, мен әлі де испандықтардың әлем чемпионатында фаворит екендігіне сенімдімін",-дейді Гвардиола. 

Естеріңізге салсақ, Неймар биылғы маусым аяқталысымен "Сантоспен" қоштасып, "Барселона" жейдесін киген еді. Кейін ол Бразилия құрамасы сапында Конфедерация Кубогында да өзін жақсы қырынан таныта білді. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: sport-xl.net

Б. Қосмағамбет