Каталониялық "Барселона" клубының бұрынғы жаттықтырушысы Хосеп Гвардиола өз мансабын енді лондондық "Челси" клубында жалғастырмақ.
41 жасар испан маманы келер жылдан бастап "Челсиді" басқаратыны жөнінде осыған дейін де бірнеше мәрте айтылып келген еді. Испания басылымдарының жазуы бойынша, клуб иесі, орыс байы Роман Абромович те Хосепті клуб жаттықтырушысы ретінде көргісі келеді екен. Тіпті Гвардиоланың жылдық жалақысы да белгілі болып қойған. Ақсүйектер атақты маман үшін 20 миллион еуро төлеуге дайын.
Естеріңізге салсақ, Хосеп осы жылдың сәуір айында "Барселона" сапынан кеткен еді. Клубтан кете сала ол бапкерлік жұмыстан әбден шаршағанын және кем дегенде бір жылға демалыс алатынын айтты.
Осы күнге дейін кейбір мамандар оны "Манчестерге", біреулері "Милан" мен "Баварияға" ауысады деп жатты. "Бірақ осылардың ішіндегі Гвардиоланың ағылшын жеріне ауысатыны жөніндегі ақпарат шындыққа жанасады",-дейді испан басылымдары. Қазіргі таңда Хосеп Гвардиола жанұясымен бірге АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында тұрып жатыр.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: novostimira.com.ua