Танымал ESPN телеарнасы (АҚШ) әлемдегі ең танымал 100 спортшының жаңарған рейтингін жариялаған еді. Бұл қатарда отандасымыз Геннадий Головкин де бар.
Былтыр қазақстандық былғары қолғап шебері 61-орында болса, биыл 17 саты төмендеген. Америкалық футбол жұлдыздарының бірі Рассел Уилсоннан кейін 78-орында тұр.
Ең танымал спортшылар рейтингі жылдық табысы, жарнама агенттіктерімен келісімшарттары, әлеуметтік желілердегі жазылушылар саны мен іздеу жүйелерінде (google, yandex, т.б.) есімдерінің көп сұралуы бойынша түзілген.
Рейтингте спортшылардың жарнама келісімшарттары бойынша түсетін табысы да көрсетілген. Телеарна ақпарат бойынша Геннадий Головкин жарнама арқылы жылына 2 миллион доллар табысқа кенеледі екен.
Өткен жылы Генаны төрешілер шешімі бойынша ұтып кеткен мексикалық Сауль Альварес ең танымал спортшылар арасында 68-орында тұр. Оның жарнама келісімшарттарынан табатын жылдық табысы 2,5 миллион долларды құрайтыны жазылған.
Ең танымал спортшылар рейтингін футболшы Криштиану Роналду бастап тұр. Екінші орынға баскетболшы Леброн Джеймс орналасқан. Үздік үштікте - футболшы Лионель Месси.
Жарнама бойынша ең көп қаржыны Леброн Джеймс иемденеді екен. Оның осы саладан түсетін жылдық табысы - 52 миллион доллар. Одан кейінгі орындарға гольфшы Тайгер Вудс пен баскетболшы Стефен Карри орналасқан. Олар жарнамадан жылына 42 миллион доллар табады. Танымал швейцариялық теннисші Роджер Федерер болса жылына жарнамадан 41,5 миллион доллармен қаржысын молайтады.