- Негізгі бет
- Бұл қызық
- Головкиннен "таяқ жеген"...
Головкиннен "таяқ жеген" Брук спорттық мансабын аяқтауы мүмкін
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинмен өткізген жекпе-жегінде көзінен жарақат алған британдық боксшы Келл Брук спорттық мансабын аяқтауы мүмкін. Бұл туралы ресейлік басылымдарға сілтеме жасап vesti.kz сайты хабарлады.
Боксшының көз ұяшығынан алған жарақаты алдағы уақытта көп кедергісін келтіруі мүмкін. Тіпті, өзге салмақ дәрежелеріне ауысып чемпиондық атаққа таласпақ түгіл, боксты біржола тастауына да себепкер болуы ғажап емес.
Айта кетейік, 11 қыркүйек күні Лондонда өткен Головкин - Брук жекпе-жегі ұлыбританиялық боксшының командасы ринг ортасына ақ орамал лақтырып, кездесуді жалғастырудан бас тартқаннан кейін тоқтатылған еді. Осылайша Геннадий Головкин техникалық нокаутпен жеңіске жетіп, орта салмақтағы WBC, IBF және IBO нұсқалары бойынша чемпиондық атағын қорғап қалған-ды.
Жекпе-жектен кейін Келл Брук бірден ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оның көзінен жарақат алғанын хабарлаған. Жақында ол туған қаласы Шеффилдте ота жасатты. Екі аптадан кейін ол жаттығуларын жалғастырады. Дегенмен спортшыға төрт ай бойы жекпе-жекке шығуға болмайды.
Келл Брук шаршы алаңға оралу үшін тексеруден өтіп, бокс саласы бойынша британиядық бақылау кеңесі комиссиясының (BBBofC) рұқсатын алуы керек.
О. Сансызбай