Бүгінде кәсіпқой бокста атағы дүркіреп тұрған отандасымыз Геннадий Головкинді ұнататын арулардың қатары күн санап өсіп келеді. Олардың қатарында танымал спортшы қыздар да бар.
Геннадий Головкин мексикалық Марко Антонио Рубионы жеңгеннен кейін танымал америкалық ережесіз жекпе-жек шебері, UFC тұжырымындағы әлем чемпионы, әрі актриса Ронда Роузи жерлесіміз жайлы өз ойын білдірген еді. GGG өзінің досы екенін мәлімдеп, егер көріп отырса, оны жақсы көретінін де жасырмай айтып салған болатын. Кейіннен бұл ақпарат талай басылымдардың басты тақырыбына айналып шыға келді.
Бүгін кәсіпқой бокста атағы жер жарған Мұхаммед Әлидің қызы Лейлә Әли де әлеуметтік желі арқылы Геннадий Головкиннің шаршы алаңдағы жұдырықтасу мәнері мен одан өзге сырт стилі де ұнайтынын хабарлады. Сонымен қатар, Генамен бірге түскен суретін жүктеген.
- GGG – сен нағыз еркексің! Маған сенің рингтегі стилің мен шаршы алаңнан тыс мәнерің ұнайды GGG, – деп жазған Лейлә Әли.
Орта салмақта WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, WBC аталымының уақытша чемпионы белбеуінің иегері отандасымыз Геннадий Головкиннің бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде жанкүйерлері артып келеді. Бірі - шаршы алаңдағы өнерін бағаласа, бірі – тұлға ретіндегі өмірлік ұстанымдарын, енді біреулері – өзге де қасиеттерін жоғары бағалайды.
Айта кетейік, Геннадий Головкин тарихтағы ең айтулы күндердің бірінде шаңырақ көтерген. Ол қуанышты шараны күнтізбенің 07.07.07 уақытына сәйкестендіріп, тойын Қарағандыда дүркіретіп өткізген екен. Қазіргі таңда жұбайы Алина екеуі Вадим атты ұл сүйіп отыр.
Сурет: vesti.kz,voxpopuli.kz