Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің бас жаттықтырушысы Абель Санчес шәкіртіне басты қарсылас атана алатын боксшылардың есімін атады. Оның ішінде GGG нокаутқа түсіре алмауы мүмкін үш боксшыны бөле жарды. Бұл туралы vesti.kz сайты хабарлады.
- Мен осыған дейін айта кеткенімдей, 154 пен 168 фунтта Геннадийге 12 раунд бойы төтеп бере алатын боксшылар аз. Шыдаса Андре Уорд, Хулио Сезар Чавес (кішісі) пен Карл Фроч қана шыдар. Өзгелерді Головкин айқын нокаутпен жеңеді. Айтып кеткен үш боксшы да табанды, өзіндік жұдырықтасу стильдері бар. Сол арқылы олар нокауттан қашып құтылуы мүмкін, - деді Абель Санчес.
Сондай-ақ жаттықтырушы көп боксшылардың Геннадий Головкинмен жұдырықтасудан қашқақтайтынын да айта кетті. Жағдай келер жылы өзгереді деген сенімде.
- Біз Головкиннің үздік боксшылармен жұдырықтасқанын қалаймыз. Көбісі Головкинге сөзбен сойқан салғанмен, Том Леффлер (GGG промоутері) хабарласқанда келісімге келмейді. «Twitter» мен «facebook» желілерінде «ұрыс» салғанша, келіп келісімге келсе, промоутеріне хабарласса жақсы. Әлеуметтік желіде сөз жарыстырудың қажеті жоқ. Головкин кез келген боксшымен жұдырықтасуға дайын, - деді Санчес On The Ropes Boxing Radio-ға берген сұхбатында.
Айта кетейік, Геннадий Головкин келесі жекпе-жегін 18 наурыз күні Нью-Йоркте америкалық боксшы Дэниэль Джейкобсқа қарсы өткізеді.