Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасында өткен жекпе-жек әлі де талқыланып, дау болып жатыр. Көптен күткен кездесудің осылай аяқталғанына наразы жандар да көп. Кім жеңді, кім жеңілдіні былай қоя отырып, боксшылар қанша табысқа кенелгенін айта отырайық.
Бір айта кететін жәйт, екі боксшы да өз спорттық мансабында рекордтық сома алғалы отыр. Vesti.kz жекпе-жектен түскен қаржыны есептеп көрді. Барлық есептеулер шамамен келтірілген.
Сатылған билеттерден түскен табыс
БАҚ өкілдері осы кездесуге билеттердің екі апта ішінде сатылып кеткенін және T-Mobile аренасында ине шаншыр орын болмағанын жарыса жазған еді. Лас-Вегастағы аренаның сыртында "Sold Out" (түгелдей сатылып кетті) деген жазулар тұрды. Болжаммен ұйымдастырушылар 30 миллион доллар табыс тапқан.
Жиналған соманың 10 пайызы бокс кешінде қызмет көрсеткендерге беріледі. Оның ішінде, күзет, тазалық, келу жолдарын қамтамасыз ету, басқада қызметтер - мұның барлығы сатылған билеттердің есесінен беріледі. Шамамен 3 миллион доллар сонда кетті делік. Қорытындысы: 27 миллион доллар.
PPV-сатылымдар
Ақылы транляциялар бокс кешінде - негізгі табыс көзі. PPV сатылымдары неғұрлым көп болса, боксшы көбірек табыс табады. Әзірге бұл жекпе-жектен қанша сатылым болғаны белгісіз. Алайда көптеген мамандар шамамен 1 миллион мен 1,5 миллион аралығында деп болжайды. Біз миллионды қарастырамыз.
Бір трансляцияның құны - 70 доллар, ал HD-форматында - 80 доллар. Көбісі қарапайым алатын болар, сол себепті орташа есеппен 70 миллион доллар көрсетілім арқылы түсті. Оның дәл 50 пайызы телевидениенің операторларына беріледі. Өз кезегінде НВО арнасы 7,5 пайызын қалтаға басады.
Сонымен операторлар - 35 миллион доллар, НВО арнасы - 5 250 000. Қалған ақша 29 750 000. Екі табысты қосқанда 56 750 000 доллар шығады.
Енді қосымша табыстарды есептейік. Атрибутиканы сату - 1 миллион. Басқа елдерде көрсетілу құқығын сатудан - 3 миллион доллар түскен. Бүтіндейтін болсақ - 60 миллион доллар.
Кепілдендірілген гонорар құны: Альварес - 5 миллион, ал Головкин - 3 миллион доллар. Бұл қаражат жаңағы 60 миллионнан төленеді. Яғни командалар бөлісетін 52 миллион доллар қалды.
БАҚ мәліметінше, гонорар бөліскенде 70/30 тәсілімен Альварес және оның командасы көбірек алады. Мұндай жағдайда Головкиннің командасы 15 600 000 доллар, ал Golden Boy 36 400 000. Оның ішінде Альварес 25 480 000 доллар алады.
Өз кезегінде Головкин де тапқан табысын өз командасымен бөліседі. Сонымен қатар әр боксшының өз демеушісі бар, келісімшарттағы баға белгісіз.
Біздің есептеуіміз орташа бағамен есептелді. PPV-сатылымдары 1 миллионнан көп болуы да аз болуы да мүмкін. Ол кезде екі боксшының гонорарлары өзгереді.
Болжам: Головкин осы жекпе-жектен 10-20 миллион доллар аралығында алуы мүмкін. Ал Альварес 20-35 миллион аралығында гонорар алады. Барлығы да PPV-сатылымдарына байланысты.
Айта кетейік, Лас-Вегаста өткен жекпе-жек 12 раундтан тұрды. Жекпе-жек қорытындысы бойынша Головкин мен Альварес тең түсіп, GGG барлық атағын сақтап қалды.