1-бөлім
2-бөлім
3-бөлім
Гольфтың түп-тамыры қайда жатқанын дәл анықтау қиын іс. Алайда тарихи деректерге сүйеніп, оның бірнеше нұсқасын талқылай аламыз. Солардың бірі "осы ойынның негізінде орта ғасырлық қойшылардың ермегі саналған ойын жатыр" дегенді айтады. Аңыз бойынша, сол кездегі қойшылар іш пыстырмау үшін өздерінің таяқшалары арқылы дөңгелек тастарды ұрып, оларды тесіктерге түсіріп ойнаған деседі. Алайда бұл тек белгілі бір елдің малшыларына ғана тиесілі ойын болмағанға ұқсайды.
Мысалы, Рим империясы кезінде сол кездегі әскерилер өздерінің бабын сақтау үшін арнайы таяқшалар арқылы теріден жасалған доптарды қуалап ойнаған. Бұл ойын paganica деп аталған, бірақ ойын жеке адамдар емес, командамен ойналған. Осыған қарап, бұл ойын гольфтың емес, керісінше хоккейдің арғы атасы деп топшыласақ болатын шығар. Одан бөлек, «аспанасты елінде» де осыған ұқсас suigan атты ойын болған. Оның дәлелі ретінде Мин династиясы кезіндегі (1368-1644 жылдар аралығы) жібек маталарда бейнеленген suigan ойнап жатқан әйелдердің суретін айта аламыз. Кейбір болжамдар бойынша, бұл ойын «кәрі құрлыққа» қытай көпестері сатқан жібек маталар арқылы жетіп, кейін гольфке айналған болуы да әбден мүмкін.
Глотчер шіркеуіндегі (14 ғасыр) витраждардың бірінде соққыға дайындалып жатқан қолында таяқшасы бар ер кісінің суретін байқауға болады. Кейбіреулер ол ойынның атын cabuca деп атап, оның сол кездің өзінде Англияда кең танылған спорт түрі болғанын айтады. Ал сол кезде Франция жұртшылығы бильярд, крокет және мини-гольфтің жинағы ретінде саналатын jeu de mail ойынын ойнайтын. Англияда ол ойынды алғаш рет ойналған Лондондағы Pall Mall көшесінің құрметіне pall mall деп атын өзгерткені белгілі. Ойынның мақсаты – ағаштан жасалынған үлкен допты қол тоқпақ арқылы темір күбіге енгізу болған.
Сондай-ақ орыстың лаптасының да белгілі бір дәрежеде гольфты еске түсіретіні белгілі.
Гольфтың арғы атасы ретінде XIII ғасырдың соңына қарай жазылған жазбалардан белгілі даттардың kolf ойынын да айтып жүр. Оның бейнелерін XV жүзжылдықта салынған дат пейзаждарынан анық көруге болады.
Алайда қазір белгілі болғандай, гольф ойыны өз бастауын XV ғасырда Шотландия жағалауында пайда болған ойыннан алған.
Ол кезде ойыншылар тасты арнайы жасалынған (қазіргі клюшкаға ұқсайтын) таяқша арқылы ұрып, шөп алаңқайларының үстінде ойнаған. Бір қызығы, қазіргі гольфта бар құм, сазды жерлер, шөп және тағы да басқа әртүрлі кедергілердегі алаңқайлар сол кездегі ойында да болған. Дегенмен олардың добы тастан жасалғандықтан, ойыншылар допты қуыстан (лунка) бірнеше метр жерде тұрып қана кіргізуге тырысқан. Ал кейбір тарихшылар одан бері қарайғы уақытта голландықтардың kolven және бельгиялықтардың chole ойындары қазіргі заманғы гольфтың қалыптасуына үлкен әсерін тигізді дегенді айтады.
Соңғысымен шотландықтар 1421 жылы алғаш рет танысқан. Алайда соған қарамастан осы ойындағы клюшка мен оған арнап жасалынған арнайы доп және де тағы да басқа гольфке қажетті құрал жабдықтардың көпшілігі сол кезде қазіргідей болмағаны анық. Алайда сол уақыттағы ойынның осы бір түрінің көпшілік ережелерінің қазіргісіне ұқсастығы бізді гольфтың пайда болған жері Шотландия жағалауы деген ойға алып келеді.
XV ғасырдың ортасына қарай Шотландия ағылшындардың басқыншылығына қарсы дайындала бастайды. Алайда жергілікті халық үлкен қызығушылықпен гольф және футбол ойнап, әскери дайындыққа еш мән бермейді. Сол себепті 1457 жылы Шотландияның парламентінде король Джеймс II аталған екі ойынға тиым салуға мәжбүр болады. Бұл тиым елде 1470-1491 жылдар аралығында өз күшін сақтаса да, халықтың кейбір бөлігі жасырын түрде ойнап жүрді. Тек 1502 жылы ғана Глазгодағы келісімнен кейін король Джеймс IV аталған тиымның күшін толықтай жояды. Оған себеп оның өзі де гольфты сүйіп ойнайтындығында еді.
Жалғасы бар...
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: businessinsider.com