Германия құрамасынан тағы жеңілдік

Германия құрамасынан тағы жеңілдік

Әлем біріншілігінің іріктеу сындары аясында Қазақстан Германиямен екінші матчты Нюрнбергте өткізіп, 4:1 есебімен ұтылды.

Кездесудің бірінші таймының 23-минутында Германия құрамасының жартылай қорғаушысы Марко Ройс жойқын соққысымен есепті ашты. Араға небәрі төрт минут салып дортмундтық «Боруссияның» ойыншысы Марио Гетце есепті 2:0-ге жеткізді. Ал ойынның 31-минутында Германия құрамасының сапында алғашқы рет негізгі құрамға шыққан Илкай Гюндоган үшінші мәрте Андрей Сидельников қорғаған қақпаның саңлауын тапты.

Екінші таймда Қазақстан құрамасының сапында алаңға Бауыржан Жолшиев шықты. «Тобылдың» жартылай қорғаушысы алаңға шыққаннан соң, біздің құраманың ойыны шамалы да болсын жанданды. Нәтижесінде кездесудің 46-минутында Мануэль Нойердің өрескел қателігін дер кезінде пайдалана білген Генрих Шмидгаль есеп айырмасын қысқартты. Дегенмен бұл матчқа немістер нүкте қойды. Ойынның 90-минутында Марко Ройс кездесудегі «неміс машинасының» төртінші голын соғып, көзге түсті.

Айта кетейік, Қазақстан Германия мен Қазақстан арасындағы 2014 жылғы әлем чемпионатының іріктеу додасы аясында екінші рет жеңілді. Алғашқы «Астана-Арена» стадионында өткен кездесуде Қазақстан құрамасы Германиядан 0:3 есебімен жеңіліп қалған болатын.

ГерманияҚазақстан – 4:1 (3:0)
Гол: Ройс, 23 (1:0); Гетце, 27 (2:0); Гюндоган, 31 (3:0); Шмидтгаль, 46 (3:1); Ройс, 90 (4:1).
Германия: Нойер, Лам, Мертезакер, Боатенг, Шмельцер, Гюндоган, Хедира, Мюллер, Озил, Ройс (Янсен, 90), Гетце.
Қазақстан: Сидельников, Гурман, Киров, Мұхтаров, Дмитренко, Энгель, Нұрдәулетов (Жолшиев, 46), Коробкин, Қонысбаев (Шомко, 78), Шмидтгаль, Остапенко (Көкеев, 64).
Бас төреші: Халис Озкахия (Түркия)
27 наурыз. Нюрнберг. «Франкенштадион» стадионы.

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: vesti.kz

Ю. НИКУЛЛИН