Кембридж Медицина-молекулалық биология зертханасының ғалымдары зерттеу жүргізіп, мидың температурасы дене температурасынан жоғары екенін анықтады. Ал әйелдер миының температурасы ерлерге қарағанда жоғары болып шықты. Бұл туралы РИА Новости жазды.
Мамандар 20-40 жас аралығындағы 40 еріктіні бақылауға алған. Олардың миы таңертең, түстен кейін және кешке магниттік-резонанстық спектроскопия (MRS) көмегімен сканерленген.
Экспериментке қатысушылардың білегіне белсенділікті бақылау құрылғысы бекітілген.
Әйел миының температурасы – жасына, тәулік уақытына және етеккір цикліне байланысты өзгеретіні анықталды.
Мидың орташа температурасы – 38,5 градус. Бұл қалыпты дене температурасынан екі градус жоғары. Мидың беті әдетте суық болады, ал оның ішкі қабаты 40 градустан жоғары (зерттеу кезінде рекорд 40,9 градус болды). Барлық адамдарда мидың температурасы күндізгі уақытқа байланысты үнемі шамамен 1 градусқа өзгереді.
Миды түсінуге көмектесетін youtube-тағы 5 видео
Орташа алғанда, әйелдердің миы ерлерге қарағанда 0,4 градусқа жоғары болған.
Сонымен қатар, ми температурасы қатысушылардың жасына қарай жоғарылап отырған. Зерттеушілер мидың салқындату қабілеті қартаюға байланысты төмендеуі мүмкін екенін айтады.
"Біздің зерттеуіміздің ең таңғаларлық қорытындысы – сау адам миының температурасы ауру адам қызулап ауырғанда тіркелетін температурамен бірдей болуында", - дейді зерттеу жетекшісі Джон О'Нил.
Бұрын мұндай жоғары температура басы ауыратын адамдарда тіркелген, бірақ кейін бұл аурудың нәтижесі деп есептелді. Енді мидың 40 градустан жоғары температурасы сау адам үшін норма екені белгілі болды.
Зерттеу нәтижелері Brain журналында жарияланды.