Қазақстандық дзюдошы, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Галбадрах Отгонцэцэг Тайбейде өтіп жатқан жазғы Универсиада ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынына 7 жүлдені салды.
48 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін спортшы бірінші белдесуінде жапон қызы Умикита Маиға жол беріп алды. Кейін жұбаныш белдесу арқылы австриялық Мара Крафтан айласын асырды. Одан кейінгі белдесуінде францзу дзюдошысы Джессика Марин Анриден басым түссе, төртінші белбесуінде польшалық Йоанна Станкевичтен үстем шықты.
Ал қола жүлде үшін өткен белдесуде 25 жастағы дзюдошымыз ресейлік Мария Персидскаядан басым түсіп, үшінші орынды иеленді. Ал жапон спортшысы Умикита Маи Универсиада чемпионы болды.
Айта кетейік, бұл Қазақстан құрамасының Универсиада ойындарында жеңіп отырған 7 жүлдесі. Осылайша біздің құрамасы 2 алтын (Альберт Линдер, Айдар Қазов - ауыр атлетика), 1 күміс (Карина Горичева - ауыр атлетика) және 4 қола (Арли Чонтей - ауыр атлетика, Дмитрий Баландин - жүзгіш, Бекәділ Шаймерденов, Отгонцэцэг Галбадрах - дзюдо) жүлдемен командалық есепте 11 орында келеді.