- Негізгі бет
- Бұл қызық
- Футболшыларға ойнау бақыты...
Футболшыларға ойнау бақыты бұйырмаған стадион
1986 жылдың 26 сәуірінде адамзат тарихындағы ең ірі апаттардың бірі орын алды. Припяттағы Чернобыль атом электр станциясының жарылуы тұрғындарға залалын тигізіп қана қоймай, жергілікті футболдың шырағын сөндірді...
Припять (Украина) қаласының негізі 1970 жылы қаланған. Қалада спорт үйірмелері көптеп ашылғанмен, футбол командасы бірден құрыла қойған жоқ. Оның үстіне арнайы стадион да болмады. 70-жылдардың ортасына қарай барып, қалада «Строитель» футбол клубы құрылды. Команда Киев ауданының әуесқой лигасында өнер көрсетті.
«Строитель» 1981 жылдан бастап әуесқой лигада Украинаның дене шынықтыру ұйымының арнайы лигасында ойнай бастады. 1985 жылы команда ең ірі жетістігіне қол жеткізді. Бірақ, топта екінші орын алып қалып, КСРО екінші лигасына өте алмай қалды. Өткенде кәсіби клуб деңгейіне көтерілетін еді.
Команда ойындарын кішігірім стадиондарда өткізіп келді. Кейіннен команданың жетістігі ескеріліп, жаңа стадион салына бастады. Ал ол стадионның («Авангард») ашылу салтанаты 1986 жылдың 1 мамырына жоспарланды. Алайда 5 000 адамға арналған алаңда ойнау бақыты «Строитель» футболшыларына бұйырмады. Атом электр станция жарылғанына 36 сағат өткеннен кейін қала халқы жаппай көшіріле бастады. Ал «Строитель» футбол клубы араға 2 жыл салып, біржола тарап кетті.
Бүгінде стадионды шөп басып, ағаштар өсіп кеткен.
О. Сансызбай