Футболдан Румыния ішкі біріншілігінде күтпеген оқиға орын алды. «Конкордия» футбол клубының бразилиялық шабуылшысы Веллингтон қонақтар жанкүйерлерінің кемсітуінен кейін, көзіне жас алып, алаңнан шығып кеткен.
Оқиға елдің Х тур ойындарында орын алды. «Рапид» командасының жанкүйерлері бразилиялық ойыншыға қарсы банан лақтырған. Жүрегіне жақын қабылдаған Веллингтонның көңілі босаған. Ал онымен қоса, бас қазы футболшыға сары қағаз көрсеткен. Жанкүйерлер кемсітуі мен төреші шешіміне байланысты ойыншы сотқа шағымданбақ.
- Маған өте ауыр тиді. Өйткені, алаңда менің өнерімді әйелім мен балам тамашалап отырған. Жанкүйерлер қылығынан кейін, алаңнан кетуді ұйғардым. Мен маймыл емеспін. Төреші де маған ойда-жоқта сары қағаз көрсетті. Мұнымен де елдің футбол федерациясы айналысады деген сенімдемін – деді футболшы.
Полиция қызметкерлері ойынның видео таспасын қарап шығып, кемсітуші бұзақыларды табуға іздеу жариялаған. Жергілікті заңға сәйкес, тәртіп бұзушы жанкүйерлер 6 айдан 1 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айырылатын болады. Ал ойында «Конкордия» мен «Рапид» командалары есеп ашпай тарқасқан.
Айта кетейік, сәуір айында каталондық «Барселона» командасының бразилиялық футболшысы Дани Алвеске де «Вильярреал» командасының жанкүйерлерінің бірі банан лақтырған болатын. Ал ойыншы болса, лақтырған бананды алып жеген еді.
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/_Zcvvd4llyE","width":"450","height":"338"});
Бразилиялықтың бұл ісіне разы болған танымал тұлғалар мен көпшілік қауым банан жеп суретке түсіп, қолдау білдірген. Ал эль-мадригалдық клуб болса, тәртіп бұзған жанкүйерді өмір бойы сүйікті командасының өз алаңында өтетін ойындарын стадионнан тамашалау құқығынан айырған-ды.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sports.ru
Оқи отырыңыз:
Дани Алвес футболшылар қолдауына ие болуда Дани Алвеске банан лақтырған бала жазаланды