Футболдың біз біле бермейтін ережелері

Футболдың біз біле бермейтін ережелері
Фото: massaget.kz

Әлемдегі ең танымал спорт түрінің бірі – футбол. Өзге спорт түрлері секілді футболдың да өз ережелері бар. Оның көбін біліп, көбін біле де бермейміз. Ендеше жасыл алаңдағы теңбіл тартысының біз біле бермейтін ережелерімен таныс бола отырыңыздар.

Егер ойын басталмас бұрын ойыншы қарсыласын теуіп жіберсе, алаңнан қуылады. Дегенмен жаттықтырушы алаңнан қуылған футболшыны басқа ойыншымен алмастыра алады.

Егер ойыншы қарсыласын алаңға шықпай тұрып теуіп жіберсе, оған қызыл қағаз көрсетілмейді. Футболшы ойынға шыға береді. Бірақ бұл жайт ереже бұзу ретінде хаттамаға енгізіледі.

Гол соққан ойыншы жейдесін шешіп, алаң жиегіндегі бөгеттен секіріп кетсе, екі сары қағаз көрсетіліп, бірден ойыннан қуылады.

Ойын барысында қақпашы мен қорғаушы жейделерін алмастырып, «жаңа қақпашы» өз айып алаңында допты қолмен тоқтатар болса, ойын жалғаса береді. Дегенмен доп тоқтатылғанда, екеуіне де ескерту қағазы көрсетіледі.

Бұрыштама кезінде қорғанушы жақтың ойыншысы биік секіру үшін командаласының көмегіне сүйенсе, спорттық ережеге жат қылық көрсеткені үшін айып добы белгіленеді.

Футболшы аяқ киімі шешіліп қалып, ол командаласына пас берген болса, айып добы белгіленеді.

Допты ойынға ауттан қосқанда допты қарсыласына әдейі лақтырса, төреші айып добын белгілейді де, ойыншыны алаңнан қуады.

Ауттан қосқан кезде ойыншы допты алаңның арғы жиегіне асырып жіберсе, доп қайта ауттан лақтырылады.

Бос қақпаға шабуылшы доп тепкен сәтте алаңға көрерменнің бірі жүгіріп шығып, оны бөгеуге тырысса, бірақ доп бәрібір қақпа торынан табылса, мұндай жағдайда гол саналмайды. Ал егер доптың бағытына қосалқы құрамдағы жарақаттанған футболшылардың бірі тосқауыл болуға тырысса, гол саналады.

Офсайд жасамақ оймен қорғаушы алаң шетіне шығып кеткен сәтте, ойыннан тыс қалған шабуылшы гол соққан болса, бұл гол саналады. Ал қорғаушы ескерту қағазын алады.

Өз алаңында айып добын орындаған қорғаушы допты қақпашысына берген сәтте, доп өз қақпасына кіріп кетсе, гол саналмайды. Шабуылдаушы команда бұрыштама добын орындайды.

Айып добы кезінде төреші қолын көтеруді ұмытып кетсе, ал доп ешкімге тимей, қақпа торынан табылса, гол саналмайды. Айып добы қайта орындалады.

Негізгі және қосымша уақытта «А» командасының үш ойыншысы алаңнан қуылған болса, матч соңындағы пенальти кезінде «Б» командасының бапкері пенальтиге қатыспайтын үш ойыншысын анықтайды.

О. Сансызбай