Футболдан Қазақстан құрамасының қорғаушысы Михаил Рожков жол апатына ұшырады

"Астана" футбол клубы мен Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Михаил Рожков Мәскеу қаласында жол көлік оқиғасына ұшырады, деп хабарлайды Sportinfo.kz 

Басылым хабарлағандай, футболшы өзінің Audi көлігін басқарып отырып, рөлге ие бола алмай, бағанаға кеп соғылған. Бағана артында адамдарға толы автобус аялдамасы болған. Абырой болғанда, көлік ол жерге жетпей тоқтаған екен.

Апат кесірінен Рожков жамбасының бірнеше жерінен жарақат алған. Одан соң операцияға жатқызылған оның жағдайы әзірге жаман емес. Бірақ оған әлі де бірнеше операция жасалатын көрінеді. Оның денсаулығының толық қалпына келуіне 6-дан 12 айға дейін уақыт керек екен. 

Біз өз тарапымыздан футболшының жарақатынан тезірек айығып, қатарға қосылуына тілек білдіреміз.

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: vesti.kz