Футболдан 2022 жылғы әлем чемпионаты Катар елінде өтеді. Ал төрткүл дүние көз тігетін доп додасының ашылу салтанаты мен финалы "Лусаил" стадионында өтеді.
Жарысты ұйымдастырушылар жаңа стадионның жобасын көпшілік назарына ұсынды. Спорттық арена жаңадан бой көтерген Лусаил қаласында салынған. Стадион түгіл қаланың өзінде құрылыс жұмыстары әлі күнге дейін жүргізілуде. 90 %-ы аяқталған. Негізінен қаланың іргетасы 2006 жылы қаланыпты.
Лусаил қаласы Дохадан 15 шақырым жерде орналасқан. 450 мың адамға арнап салынған.
Жаңа стадионның құрылыс жоспарын Британияның "Foster and Partners" компаниясы жасап шыққан. Бұл компания әйгілі "Камп Ноу" мен "Уэмбли" стадиондарының да жобаларын жасаған. Стадионның алтын түстес жабындысы араб тарихы мен мәдениетінен сыр шертеді.
Әлем чемпионатынан кейін стадион қоғамдық орынға айналады. Стадион орындықтары алынып тасталып, орнына дүкендер, мектеп пен аурухана ашылады.
Стадион 2020 жылы салынып бітеді. Қазіргі таңда әлем чемпионатын өткізетін бір ғана стадион дайын екен. Жалпы ел стадиондардың құрылысына 7 миллиард доллар бөлген.