Футбол жаңалықтары

Хиддинк Анчелоттидің орнына баруы мүмкін. Роберто Карлос «Сивасспор» командасының бас бапкері ретінде қарастырылуда. Фалькао «Манчестер Сити» командасына ауысады. Осы және басқа да соңғы футбол жаңалықтарына Массагет порталының тілшісі шолу жасап көрмек.   

Гус Хиддинк жуық арада «ПСЖ» командасының бас бапкері болуы мүмкін. Sport.es басылымының хабарлауынша, 66 жасар маман париждік командадан «Реалға» кететін Карло Анчелоттидің орнын баспақ. Хиддинктің махачкалалық «Анжи» командасымен осы маусымның аяғында шартнамасы бітеді. Егер «Анжи» командасы голландиялық бапкерге жаңа келісімшарт ұсынбаса, Гус тегін «ПСЖ» клубына ауысады. Дегенмен, париждіктер Хиддинктен бөлек Роберто Манчини, Фабио Капелло, Лоран Блан, Лучано Спаллетти және Жозе Моуринью сынды білікті бапкерлерге де жүгінуі мүмкін деген әңгіме шығып жатыр.

Роберто Карлос, «Анжи» командасының спорттық директоры бапкерлік қызметке ауысады деп күтілуде. Transfermarketweb.com басылымы анықтағандай, 40 жасар бразилиялық азаматқа Түркия біріншілігінде өнер көрсететін «Сивасспор» командасының басшылары ұсыныс жасаған екен. Айта кетейік, Түркия жері Карлос үшін жат емес. Өйткені, 2000 жылдардың басында Роберто «Фенербахче» командасының намысын қорғаған.

Омари Тетрадзе, қазақстандық «Жетісу» командасының бас бапкері Ресейге қайта оралады-мыс. Life Sports басылымының мәліметі бойынша, 43 жасар ресейлік маман Валерий Газзаевтың орнына «Алания» командасының жетегін ұстайды екен. Ал Тетрадзенің алдына команданы Ресейдің жоғарғы Премьер-лигасына алып шығу деген мақсат қойылмақ. Айта кетейік, футболшы ретінде Омари Тетрадзе солтүстік осетиялық команданың сапында 1995 жылы Ресей чемпионы атанған болатын.

«Барселона» «Манчестер Сити» командасының алдын орап, «Малага» ұжымының бас бапкері Мануэль Пеллегриниді өздеріне шақыртып алмақ. Каталондықтардың казіргі бапкері Тито Виланова алдағы уақытта АҚШ-қа қайта барып, тағы да ем-дом қабылдайтын болады. Сол үшін «Барса» жетекшілері Пеллегринидің қызметіне мұқтаж болып отыр.

«Манчестер Сити» клубы «Челси» және «Монако» командаларынан бұрын «Атлетико» шабуылшысы Радамель Фалькаомен келісімге келді. Sunday People-дің мәліметі бойынша, Англияның вице-чемпиондары 27 жасар Колумбия құрамасының шабуылшысы үшін мадридтіктерге 54 миллион фунт беруге дайын. Ал шабуылшының жеке жалақысы аптасына 200 000 фунт болады деп күтілуде.  

«Ювентус» әлі де болса, «Реал» командасының шабуылшысы Гонсало Игуаинді өз қатарларына қосып алуды ойлап жүр. Дегенмен, мадридтік команданың жетекшілері аргентиналық шабуылшы үшін 25 миллион еуро сұрап отыр. Ал туриндіктер 15 миллион еуро және қорғаушы Стефан Лихтштайнерді қосып береміз дейді.

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: sports.ru, 24football.org, eurosport.ru