- Негізгі бет
- Бұл қызық
- Футбол әлеміндегі қанатты...
Футбол әлеміндегі қанатты сөздер
“Футболды 22 ойыншы ойнайды, бірақ немістер жеңіске жетеді” деген Гари Линекердің сөзін барлық футбол жанкүйері біледі. Марадонаның: “Егер ол жерде біреудің қолы болған болса, ол – Құдайдікі”, - деген сөзі де әлемге әйгілі. Назарларыңызда футболда өшпес із қалдырған атақты адамдардың қанатты сөздерін ұсынамыз.
Мирослав Клозе
“Жаратқан бізге қанат бермеген, бірақ доп сыйлаған және ол қанаттан гөрі доптың бізге көбірек ұнайтынын білген”;
Боб Пэйсли, “Ливерпульдің” аңыз бапкері
“Егер сен айып алаңында доппен не істейтініңді білмей қалсаң ойланбастан гол соқ. Ойыннан кейін біз сол кезде тағы не істеуге болатынын жайбарақат отырып талқылаймыз”;
“Болашақ қайын атам менің мамандығымды сұраған. Футболшы екенімді айтқанда қабағын түйді. Мен оған кәсіби футболшы екенімді қайталап айттым. “Жақсы, бірақ сенің белгілі бір мамандығың бар ма?” деп қайтадан сұрағанда: “Кірпіш қалай аламын” деп жауа бердім. Содан соң ол жадырап күлді”;
“Ливерпульдегі” мансабым әрқашан сәтті болмаған. Мысалы, бір рет екінші орын алғанбыз.
Эрик Кантона
“Әйеліңді, машинаңды, тіпті дініңді ауыстыруға болады. Бірақ сүйікті клубыңды ауыстыруға болмайды”;
Зинедин Зидан
“Қателеспеу үшін тәжірибе жинау керек. Ал тәжірибе жинау үшін қателесу керек”;
“Доп тебуге арналған аяқкиімім болмағаны үшін жылағанмын. Бірақ күндердің күнінде аяғы жоқ адамды кездестірдім”;
“Сенің қалай кетуің маңызды емес. Маңыздысы кім болғандығың”;
Джордж Бест, “МЮ” жұлдызы
“Бэкхэм сол аяқпен ойнай алмайды, баспен гол соға алмайды. Допқа таласу кезінде жылдам емес, сирек гол соғады. Ал қалған мәселелерде жаман емес”;
Арриго Сакки, бапкер
“Жақсы бапкер атану үшін футболшы болу шарт емес. Себебі, арбакеш болу үшін ат болу керек емес қой”;
“Футбол - маңызды болмаған нәрселер ішіндегі ең маңыздысы”;
Рой Кин
“Адамдар ағыспен жүзуді қалайды. Бірақ ағыспен бірге не жүзетінін білесіз бе? Өлі балық”;
Жозе Моуриньо
“Егер сіз жанкүйерлерге ұнасаңыз, жақсысыз. Егер жанкүйерлер сізді жек көрсе, ұлысыз”
“Маған атылған тастардан ғажап мүсін жасауға болады”;
“Абрамович маған бапкерлік кеңестер бере бастаса біз турнир кестесінде төменге түсіп кетеміз. Егер мен Абрамовичке бизнес туралы ақыл айта бастасам, банкрот боламыз”;
“Сізге менің саяси көзқарасым қызық болса айтайын – мен 4-3-3 жүйесін қолдаймын”.
Т. Раушанұлы