Ресейлік кәсіпкер Дмитрий Рыболовлев иелігіндегі "Монако" футбол клубы жазғы трансферлік ауысым кезінде 30 бірдей ойыншысын сатпақ, - деп жазады Get French Football News.
30 ойыншы қатарында команданың негізгі құрамы мен өзге клубтарда уақытша ойнап жүргендері де бар. Бәрін сатар болса команда қоржынына 50 миллион еуродан асық қаржы түседі. Сондай-ақ ойыншылардың еңбекақы келісімін де қайта қарамақ.
"Монако" бюджет көрсеткіші жоғары саналатын Франциядағы үшінші команда. Бірақ кейінгі екі маусымда клуб еурокубок ойындарына шыға алған жоқ. Нәтижесінде командаға келер табыс та азайған.
30 ойыншы қатарында негізгі құрамда ойнайтын Бенуа Бадиашиле, Виссам Бен Йеддер, Беньямин Хенрикс, Юссуф Фофана мен Фоде Балло-Туре де бар.
Футболдан Франция чемпионаты биыл коронавирус пандемиясына байланысты толық өткізілген жоқ. Дегенмен арнайы ереже бойынша жеңімпаз бен жүлдегер ұжымдарды анықтады. "Монако" 9-орынға тұрақтап, Еуропа лигасы жолдамасынан құралақан қалды.