Халықаралық футбол қауымдастықтары одағы (ФИФА) ұлттық құрамалардың маусым айындағы жаңартылған рейтингін жариялады. Жаңартылған рейтингте Аргентина құрамасы Германияны басып озып, бірінші орынға көтерілді. Ал Қазақстан құрамасы 9 саты төмен құлдырап, 142-ші орынға тұрақтады.
Көш басында келе жатқан алғашқы ондықтағы ұлттық құрамалардың нәтижелерінде өзгерістер орын алды. Чилидегі Америка кубогы ойындарынан кейін Лионель Месси бастаған Аргентина құрамасы бірінші орынға көтерілді. Германия екінші орынға сырғыса, үштікті бельгиялықтар қорытындылап қалды. Нидерланд пен Бразилия құрамалары өзара орын алмасқан. Ал алғашқы ондыққа Румыния, Англия мен Уэльс құрамалары енген. Бұл құрамалар 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде сәтті ойнап, ұпайларын еселеп отыр. Ал Америка кубогын жеңіп алған Чили құрамасы 1129 ұпаймен 11-ші орында тұр.
Ең төменгі нәтижені Орталық АФрика ұлттық құрамасы көрсетіп отыр. Олар 29 саты төмендеп, 170-ші орынға тұрақтаған. Бұл рейтингтің үздік көрсеткішін Белиз құрамасы еншіледі. Олар бірден 37 саты жоғарылап, 118-ші орынға табан тіреген. Сонымен қатар Исландия, Ливия және Венесуэла ұлттық құрамаларының жағдайы да жоғары көрсеткішке көтеріліп отыр.
Юрий Красножан жаттықтыратын Қазақстан ұлттық құрамасы өткен айда бір ойын өткізді. Алматының орталық стадионында өткен Еуропа чемпионатына іріктеу ойынында отандастарымыз Түркия құрамасынан ұтылған-ды. Нәтижесінде 9 саты төмен сырғып, 142-ші орынға тұрақтады.
Ал Қазақстан құрамасының 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеуінің топтық кезеңіндегі қарсыластар көрсеткіші төмендегідей:
5. (6) Нидерланды
20. (16) Чехия
23. (37) Исландия
48. (57) Түркия
87. (82) Латвия
Алғашқы ондыққа енген ұлттық құрамалар тізімі:
1 (3). Аргентина — 1473 ұпай
2 (1). Германия — 1411
3 (2). Бельгия — 1244
4 (4). Колумбия — 1217
5 (6). Нидерланд— 1204
6 (5). Бразилия — 1186
7 (7). Португалия — 1177
8 (12). Румыния — 1166
9 (15). Англия — 1157
10 (22). Уэльс — 1155
Жақша ішіндегі сан құрамалардың наурыз айындағы рейтингі