- Негізгі бет
- Бұл қызық
- ФИФА президентіне үміткерлердің...
ФИФА президентіне үміткерлердің ерекше жобалары
Бүгін Швейцарияның Цюрих қаласында Халықаралық футбол қауымдастықтары одағының (ФИФА) президенті сайланады. Ұзақ жылдар бойы бұл қызметті Йозеф Блаттер басқарып келген еді.
ФИФА президенті болуға 5 үміткер таласуда. Атап айтар болсақ, Шейх Салман бин Ибрахим Аль-Халифа (Бахрейн), Жером Шампань (Франция), Али бин Аль-Хусейн (Иордания), Джанни Инфантино (Швейцария) және Токио Сексвале (ОАР). Олай болса үміткерлердің футболға енгізбек жаңа жобалары туралы айта кетейік.
Шейх Салман бин Ибрахим Аль-Халифа
Басты фаворит – бахрейндік Шейх Салман бин Ибрахим Аль-Халифа. Оны күллі Азия мен Африка құрлығы елдерінің футбол қауымдастықтары қолдап отыр. Тек мұхиттық елдер қауымдастығы кімді таңдайтыны құпия сақталып отыр.
50 жастағы бахрейндік азамат ағылшындық «Манчестер Юнайтед» клубына жанкүйерлік танытады. Егер жеңіске жетсе, клубтың бұрынғы жаттықтырушысы сэр Алекс Фергюсонды көмекшісі ретінде шақырмақ екен.
Футболға ұсынатын жобалары:
- ФИФА-ны тәуелсіз екі бөлікке бөліп, бірін футболдың дамуы мақсатында, екіншісін қаржы мәселесі жөнінде бақылауға жауапты ретінде ұстамақ.
- ФИФА қорындағы қаржыны көмекке зәру елдерде ғана футболды дамытуға жұмсамақ.
- Футболға соңғы технологияларды пайдалана отырып, «таза» уақытқа ойнаудың (хоккей секілді) ережесін бекітпек.
Жером Шампань
Француз азаматы төмендегі жобаларды ұсынып отыр:
- Еуропадан әлем чемпионатына берілетін жолдамалар санын азайту.
- Футболға сарғылт түсті қағаз көрсетуді ұсынып, алаңнан қуылу, пенальти және ойыннан шектеу секілді үш ережені қатар қолдануды алып тастуды қолға алмақ.
- Төрешімен тек капитанның ғана тілдесуіне рұқсат беру. Қосымша уақытта төртінші ойыншы алмасуына мүмкіндік беру.
- Соңғы технологияларды меңгеріп, төрешілердің бейнеқайталауды көруіне жағдай жасау.
- ФИФА рейтингінің соңғы жүздігінде тұрған ұлттық құрамаларға қаржылай көмек көрсету.
- 2022 жылғы әлем чемпионатын қыста емес, жазда өткізу.
Али бин Аль-Хусейн
Иордания азаматы төмендегі жобаларды ұсынып отыр:
- Ұлттық құрамаларға берілетін қаржы көлемін ұлғайту.
- Әлем чемпионатына 36 құраманың шығуына жағдай жасау.
- Әйелдер футболына қатысты жаңа қор құру. Жаңа жаттықтырушылар мектебін ұйымдастырып, ФИФА тарапынан қаржылық көмек көрсету.
- ФИФА шенеуніктері қанша жалақы алатынын құпия сақтамау.
- ФИФА президенті сайлауына өзгеріс енгізу.
Джанни Инфантино
Швейцариялық үміткер төмендегі жобаларды ұсынып отыр:
- Әлем чемпионатына қатысатын елдер санын 40-қа дейін көбейтіп, бірнеше елде өткізу.
- Футболға соңғы технологияларды енгізу және оны талқылау.
- Ардагер ойыншылар арасында қайырымдылық ойындарын жиі ұйымдастыру.
- ФИФА беделін жоғарылату.
Токио Сексвале
Иозеф Блаттердің орнында уақытша қызмет атқарып келген ОАР азаматы төмендегі жобаларды ұсынып отыр:
- Әлем чемпионатына берілер жолдамаларды барлық құрлықтық ұйымдар бойынша тең қалыпта үлестіру.
- Ұлттық құрама жейделеріне демеушілерінің атын жазуға рұқсат беру.
- Нәсілдік кемсітуге қатаң бақылау орнату.
О. Сансызбай