Халықаралық футбол қауымдастықтары одағы (ФИФА) құпия жоспар негізінде 2018 жылғы әлем чемпионатын Ресейде емес, Катарда өткізу туралы қаулы қабылдауы мүмкін. Бұл туралы испан басылымы AS хабарлап отыр.
Футболдан 2018 жылғы әлем чемпионаты Ресейде өтуі тиіс болатын. Қазіргі таңда ресейліктер дүбірлі доданы өткізуге бар дайындықтарын шыңдауда. Ал испан басылымы таратқан ақпарат бойынша ФИФА Катар елінің басшылығына стадиондағы құрылыс жұмыстарын жылдамдатуды ескерткен. Тіпті 2018 жылға дейін дайын болуды талап етіпті. Мұның астарында Ресей мен Украина арасындағы саяси қақтығыс жатқанға ұқсайды деп жазады испан басылымы. Десе де ресейлік басылымдар бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр.
Айта кетейік, Ресейдегі әлем чемпионаты 2018 жылдың 14 маусымы мен 15 шілдесі аралығына жоспарланған.