Фергюсон өз шәкірттеріне спорт автокөлігін сый ретінде алуға тыйым салды

Фергюсон өз шәкірттеріне спорт автокөлігін сый ретінде алуға тыйым салды

"Манчестер Юнайтедтің" бас бапкері Алекс Фергюсон өз командасының жас ойыншыларына клубтың жаңа спонсоры Chevrolet компаниясының спорт автокөлігін алуға тыйым салды. 

Жақында Chevrolet-пен серіктестік келісім-шартқа қол қойылғаннан соң, аталған компания команданың барлық мүшелеріне кез келген автокөлік моделін тегін иемденуге рұқсат берген болатын. 

Клубтың көптеген ойыншылары сый ретінде аты аңызға айналған Corvette автокөлігін таңдауды жөн көрді. Алайда, араға түскен Алекс мырза 23 жасқа толмаған футболшыларға спорт автокөлігін алуға тыйым салды. 

Сөйтіп, Давид де Хеа, Рафаэль, Фил Джонс, Крис Смоллинг, Томас Клеверли, Дэнни Уэлбек секілді танымал футболшылар бапкер рұқсат берген көлікті алуға мәжбүр болды. 

Айта кетсек, бұдан бұрын да Фергюсон өз шәкірттеріне қатаң шара қолданған. Осыдан екі жыл бұрын шотландиялық маман жастар құрамасының ойыншыларына түрлі-түсті бутсы киюге рұқсат бермеген көрінеді.

Дайындаған: Ғани Тұрғынбеков

Сурет: godsavethequeen.ru




Ж. FM