Халықаралық спорт сараптама орталығы (CIES) Еуропадағы орташа жас мөлшері бойынша ең «жас» клубтардың рейтингін жариялады. Бір қызығы рейтингтің алғашқы ондығына бірде-бір ағылшын клубы енбеген.
9-10. «Барселона» (Испания)
Орташа жас мөлшері: 22,66
CIES рейтингінің ондығына каталондық «Барселона» да еніп отыр. Клубтың орташа жас көлемі 22,66-ны құраған. Негізгі құрамдағы ең жас ойыншысы – Неймар (23 жас). Соңғы маусымда «блауграна» жергілікті жас ойыншылармен толығып жатқан жоқ.
9-10. «Боруссия д» (Германия)
Орташа жас мөлшері: 22,66
Дортмундтық «Боруссияға» келер маусымда Чемпиондар лигасына қатыспақ түгіл, бундеслигадан шығып қалу қаупі төнді. Бірақ соңғы ойындарында сәтсіздіктерінің орнын толтырған ұжым Еуропа лигасына шығуға мүмкіндік алып отыр. Сонымен қатар, неміс ұжымы жас ойыншылардың да командада өнер көрсетуіне жағдай жасауда. Олардың қосалқы құрамында 1997 жылы дүниеге келген ойыншы да бар.
8. «Шальке» (Германия)
Орташа жас мөлшері: 22,58
Гельзенкирхендік «Шальке» CIES рейтингінде сегізінші орынға орналасқан. Маусымның соңына қарай клубтың жас қақпашысы Тимон Велленройтер (19 жас) ерекше талантымен көзге түсті. Ол өзінің алдындағы екі қақпашының да жарақат алуына байланысты негізгі құрамға іліккен болатын.
7. «Реал Мадрид» (Испания)
Орташа жас мөлшері: 22,44
Мадридтік «Реал» өткен маусымда Еуропаның ең «жас» клубтарының алдыңғы қатарында болатын. Бұл маусымда Альваро Мората және Каземиро сынды жас ойыншыларын өзге клубқа «шығарып салған» ұжым жетінші орыннан көрініп отыр.
6. «Вердер» (Германия)
Орташа жас мөлшері. 22,37
Германияның Времен қаласының футбол клубы «Вердер» де бұл маусымда жас ойыншылармен толығып өнер көрсетуде. Себебі клубтың бас бапкері украиналық Виктор Скрипник осыған дейін клубтың жастар құрамын жаттықтырып келген болатын. Бас бапкерлікке тағайындалғаннан кейін жастарды негізгі құрамға көптеп шақырды.
5. «Тулуза» (Франция)
Орташа жас мөлшері: 22,29
Француз командасы елдің «Лига 1» додасындағы өз орнын әрең сақтап қалды. Бұл да клуб жанкүйерлерінің маусым бойы жас ойыншыларға үміт артуының бір себебі болса керек-ті.
4. «Лион» (Франция)
Орташа жас мөлшері: 22,09
«Лион» клубы соңғы жылдары жергілікті түлектермен толығып келеді. Әсіресе осы маусымда бұл ұжымның футболшылары чемпиондық атаққа да таласып көрді. Үздік сұрмерген Александр Ляказетт пен жақында ғана Франция құрамасындағы бірінші ойынына қатысқан Набиль Фекир шілде айында 22 жасқа толады.
3. «Марсель» (Франция)
Орташа жас мөлшері: 22,06
Еуропадағы орташа жас мөлшері бойынша ең «жас» клубтардың үштігіне «Марсель» еніп отыр. Футбол ұжымы келер маусымда Еуропа лигасында өнер көрсетеді. Ал негізгі құрамдағы ең жас ойыншыларының бірі Ганелли Имбула Ванга 35 ойынға бірінші минуттан бастап қатысқан.
2. «Ницца» (Франция)
Орташа жас мөлшері: 21,92
«Ницца» клубы да маусымды ала-құла өткізгенмен, «Лига 1» додасында қалу мүмкіндігін сақтап қалды. Бәлкім жастарға көбірек сенім артқандықтан болар. Негізгі құрамдағы клуб қорғаушысы Жордан Амави 21 жаста болса, жартылай қорғаушы Нампалис Менди 22-де екен.
1. «Реал Сосьедад» (Испания)
Орташа жас мөлшері: 21,75
Еуропадағы орташа жас мөлшері бойынша ең «жас» клуб - «Реал Сосьедад». Сан-Себастьяндық клуб соңғы жылдары жас ойыншылармен құрамын толықтыруды «дәстүрге» айналдырып келеді. Бұл маусымда «Реал Сосьедадтың» ең үздік жас ойыншысы ретінде аргентиналық қақпашы Херонимо Рульиді айтуға болады. 22 жастағы голкипер бұл маусымда өзін тамаша қырымен таныта білді.
Осы тұста айта кетер болсақ, Қазақстан премьер-лигасындағы ең «жас» клуб - «Астана». Елордалық ұжымның орташа жас мөлшері 24,32-ні құрайды. Екінші орында алматылық «Қайрат» (24,46 жас) болса, үшінші орынға «Ақтөбе» (25,25 жас) орналасқан. Ал Қазақстандағы ең егде ойыншылар «Атырау» клубында (28,86 жас) өнер көрсетеді.