- Негізгі бет
- Бұл қызық
- Ертеде адамдар азық-түлікті...
Ертеде адамдар азық-түлікті қалай сақтаған?
Ата-бабаларымыз азық-түлікті сақтау үшін қандай технологияларды пайдаланған және олар неліктен бүгінге дейін маңызды? Археологиялық олжалар адамдардың тағамды сақтаудың әдіс-тәсілдерін тоңазытқыштар пайда болғанға дейін мыңдаған жылдар бұрын ойлап тапқанын дәлелдеді.
Ыс арқылы сақтау
Ежелгі адамдар үйіндіге қуырылған ет ұзақ уақыт бойы жақсы сақталатынын тез түсінген, сонымен қатар оны түтінмен кептіруді үйренді. Пісірілген және қуырылған өнімдерде судың аз мөлшері бар, сондықтан оларда бактериялар мен зеңдердің дамуы баяулайды.
Мұны Иорданиядағы қазба жұмыстары растайды. 19 мың жылға дейінгі кезеңдегі қабаттарда үйінділермен қоршалған қарақұйрық сүйектері мен от жағылған орындар табылған. Ғалымдар ет ысталып сақталғанын анықтаған.
Солтүстік халықтар өз өлкесінің табиғи жағдайларын толық пайдалана алған. Ежелгі саами (негізінен Норвегия, Швеция, Финляндияның солтүстігінде тұратын фин-угор халықтарының бір тобы) бұғыларды негізінен күзде және қыста аулап, етін арнайы қазылған шұңқырларда, тұздалған, ысталған немесе мұздатылған түрде сақтаған. Ыстық аймақтарда адамдар тамақты үңгірлер мен жертөлелерде сақтаған.
Ас тұзы
Адамзат тұздың дәмін қай кезде танып, тамақ өнімдерінің жарамдылық мерзімін ұзарту үшін пайдалана бастағанын бүгінде анықтау қиын. Натрий хлориді ылғалды жақсы сіңіреді және тағамға жағымды дәм қосады, сондықтан ол ежелде жоғары бағаланған. Тұз ет пен балықты тұздаумен қатар басқа өнімдерді де (қырыққабат, қияр және т.б.) тұздауға пайдаланды. Үй шаруасындағы әйелдер тағамды ұзақ уақыт бойы сақтау үшін көптеген өнімдерді тұз себілген шүберекке орайтын болған.
Ұра, жертөле және мұз
Суық өнімдердің тез бұзылмайтынын түсінген адамдар айналасындағы температураны төмендету үшін кез келген әдісті пайдаланған. Бастапқыда бұл үшін олар жай ғана жерден терең шұңқыр қазып, қабырғаларды балшықпен сылаған. Кейінірек олар үлкен жерасты қоймалары мен жертөлелерді салуды үйренген. Сондай орынның бірі ұра. Ежелгі қола дәуірінен бастап адамдар азық-түлік сақтау үшін ұра қазған.
Дәмдеуіштер
Ылғалды климаты бар оңтүстік елдерде тіпті жақсы кептірілген ет тез бұзылады. Бірақ адамдар оның жарамдылық мерзімін ұзарту үшін көптеген дәмдеуіштерді пайдалануды игерген.
Ежелгі үндістер мен мысырлықтар өнімдерді ұнтақталған зімбір, куркума (сары зімбір) және бұрыш қоспасына араластырып, өнімді бірнеше ай бойы сақтайтын болған. Бұл әдіс бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Археологтардың тұжырымдары бойынша бұрыш, даршын және басқа да дәмдеуіштер Азия елдерінде 4 мың жыл бұрын кеңінен қолданылған. Ежелгі уақытта бұл табиғи консерванттар Грекияға әкелінді және кейінірек бүкіл Еуропаға тарады.
Сірке суы
Сірке суын адамдар 7000 жыл бұрын пайдалануды білген. Ежелгі Вавилон тұрғындары оны құрма жемісінен алуды үйренгені туралы мәліметтер бар. Ежелде сірке суы дәмдеуіш ретінде бағаланып, еттің сақтау мерзімін ұзарту үшін пайдаланылды.
Қазіргі уақытта дәмдеуіштер, ас тұзы мен сірке суы тапшылығы жоқ, тағамды адамдар тоңазытқышта сақтайды. Дегенмен, біз әлі де маринадталған өнімдер мен тәттілерді, ысталған ет пен тұздалған балықты жеуді жақсы көреміз, сондықтан біз әлі де көне технологияларды қолданып жатырмыз десек қателеспейміз.
Т. Раушанұлы