- Негізгі бет
- Бұл қызық
- Ерекше спорт түрлері...
Ерекше спорт түрлері
Спорт – денсаулық кепілі. Сондықтан әлемде қаншама адам спортпен шұғылданып, бар ғұмырын соған арнайды. Әлемде ең көп тараған, ерекше ықыласқа ие спорт түрі – футбол екені анық. Ал, біз білмейтін спорт түрлері қаншама?! Адам баласының қиялы шексіз дегенді жиі айтамыз. Иә, расында да әр күн сайын таңданыс тудыратын жаңа нәрселерге куә болып жатамыз. Адамдар жаңалыққа, ерекше бірдеңе ойлап табуға құмар болып келеді. Және де бір-ақ мәрте берілетін өмірді қызықты етіп сүру үшін түрлі қадамдарға барады. Біз бүгін назарларыңызға қызықты спорт түрлерін ұсынамыз.
Бөрене лақтыру
Бөрене лақтыру – әлемде кең тараған шотландиялық спорт түрі. Спортшылар ойынның негізі шарты бойынша бөренені алысқа лақтырудан сайысқа түседі. Бар болғаны кім алысқа лақтырса, сол жеңімпаз атанады.
Шахматты бокс
Шахматты бокс – екі спорт түрінің басын қосқан ерекше спорттық ойын. Бокс 11 раундтан тұрады. Қатысушылар раундтың тақ сандары шахмат (жылдам шахмат) ойнаса, жұп сандары боксқа көшеді. Әр раундтың арасы 1 минут үзілістен тұрады. Шахмат бәсекесінің әр кезеңі 4 минутқа созылады. Бокстың әр кезеңі алғашында 2 минут болған еді. 2007 жылғы Әлем чемпионатынан кейін бокстағы 2 минуттық кезең 3 минутқа ұзартылды. «Нокаудқа» жіберіп, «мат» қойған спортшыны жеңімпаз деп табады. Егер спортшылар шахматта тең түсіп, бокста нокаут орын алмаса, онда бокстағы жинаған ұпайларына байланысты жеңімпаз анықталады.
Шахматты бокста қарапайым шахмат ойынын екі мықты адам ойнайды. Бір қызығы ойын шахмат үстелі орналастырылған рингтің ішінде өтеді. Екі шахматшы да боксшылар секілді киініп, сайысқа шығады. Ойын барысында сөйлеуге, қарсыласын ұруға тыйым салынған. Шахбокстың түрлі бәсекелері 2003 жылдан бері ресми түрде өтіп келеді. Шахбокстың негізі идеясы Энки Билалдың «Froid-Еquateur» атты комикс-романында алғаш пайда болған. Бұны нидерландтық перформансист Ипе Рубинг нақтылы өмірде орындау үшін барын салады.
Ірімшікті роллинг
Ірімшікті роллинг – дәстүрден тыс жүгіру жарысы. Ірімшікті роллингте биік төбеден ірімшік домалатылып, жарысқа қатысушылар сонымен бірге төменге құлдилай жөнеледі. Жоғардан төмен қарай жүгіру оңайға соқпайды, сайыскерлер орта жолда жығылып, мертігіп қалып та жатады.
Соқыр футбол
Соқыр футболды ойлап тапқан ешқандай да кемтар адамдар емес. Керісінше мүгедек адамдардың арасында аз ойналады. Ойын шарты бойынша қатысушылар алдын ала арнайы дайындалған көзілдірік тағып, жанарларын жасырады. Түк көрместей болған соң «соқыр футбол» ойнауға кіріседі. Соқыр футболдан алғашқы әлем чемпионаты 1986 жылы Испанияда өтті. Бұл спорт түрі 2004 жылы Паралимпиадалық ойындардың бағдарламасына енді.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: econet.ua
Н. Айдархан