- Негізгі бет
- Бұл қызық
- Ең көп сатылатын...
Ең көп сатылатын клуб жейделері
Танымал клубтардың қаржы қорына түсетін ақшаның бір көзі – жейделерінің (форма) сатылымы. Бүгін назарларыңызға жейделері ең көп сатылатын Еуропадағы топ-клубтардың рейтингін ұсынамыз.
10. «Милан» (Италия)
Бұл маусымда миландық клубтың жолы бола қойған жоқ. Десе де қаржы нарығындағы табысы құлдырады деп айтуға келмейді. 2012/2013 жылғы маусымда команда қатарынан бірнеше танымал футболшылар кетті. Яғни, әлемдік футбол аренасында абыройы жоғары футболшылардың да бұл рейтингке әсері бары анық. «Милан» командасының қатарынан бұл маусымда Марио Балотелли, Кака және Хонда есімдері жазылған жейделері өтімді болыпты. Барлығы 350 мың клуб жейдесін сатылымға шығарып, 28 миллион еуро қаржыға кенеліпті.
9. «Интер» (Италия)
Құрамында Хавьер Дзанетти, Диего Милито және Родриго Паласио секілді тіс қаққан футболшылары бар миландық тағы бір клуб «Интердің» де жейделері сатылымда үлкен сұранысқа ие болуда. Осы маусымда клуб 430 мың жейдесін сатып, 35 миллион еуро табыс тапқан. Үш маусым бойы Чемпиондар лигасында өнер көрсете алмай жүрген команда үшін мұны төменгі көрсеткіш санауға болмайды.
8. «Ювентус» (Италия)
Туриндік клуб үшінші жыл қатарынан Италия чемпионы атанды. Клуб құрамындағы Джанлуиджи Буффон, Андреа Пирло, Артуро Видаль, Клаудио Маркизио сынды футболшылар талай жанкүйерлердің сүйіктісі саналса, осы маусымда клуб қатарын толықтырған Карлос Тевес пен Фернандо Льоренте есімдері жазылған клуб жейделері де өтімді болыпты. 500 мыңға жуық жейдесін сатқан «Ювентус» 40 миллион еуро табыс тапқан.
7. «Арсенал» (Англия)
«Канонирлер» 9 жылдан бері жеңіс шыңын бағындыра алмай келеді. Осы маусымды керемет бастаған-ды. Алайда чемпиондық атаққа қол жеткізе алмайтыны белгілі. Ендігі үміт – ағылшын кубогы ғана. Сонымен қатар, жастар академиясы белсенді қызмет атқаратын клуб өткен жылы өз тарихындағы ең қымбат трансферді де жасады. «Реалға» Месут Озил үшін 50 миллион еуро төлеген клуб ұтыла қойған жоқ. Дәл осы тегі түрік болып келетін неміс футболшысының есімі жазылған жейделер көп сұранысқа ие болды. Команда 800 мың жейдесін сатып, 64 миллион еуро табысқа кенелген.
6. «Ливерпуль» (Англия)
Брендан Роджерс шәкірттері – бұл маусымдағы чемпиондық атаққа үміткер екі команданың бірі. «Ливерпуль» дәл осы маусымдағыдай ойын өрнегін жанкүйерлеріне көрсетпегеніне біраз уақыттың жүзі болып қалған-ды. Сондықтан да бұл клубтың 2013/2014 жылғы маусымдағы премьер-лига чемпионы атанғанын қалайтын жанкүйерлер жетіп артылады. Суарес, Сттарридж және Стерлинг жұптары жылдам футбол мен нәтижелі есеп тіркеудің хас шеберіне айнала білді. Аталған футболшылармен қатар бұл маусымда Стивен Джеррард пен Мартин Шкртел жейделері де көп сұраныс тудырыпты. Командаға жейделерін сатудан 65 миллион еуро қаржы түскен.
5. «Бавария» (Германия)
Немістің танымал клубы бұл маусымда 900 мыңға жуық жейде сатылымға шығарған. Олардың арасында ең өтімділері – Франк Рибери, Арьен Роббен және Филипп Лам есімдері жазылғандары болыпты. Ал 2014/2015 жылғы маусымда команда қатарында тер төгетін Роберт Левандовски есімі жазылған жейделер де осы қатардан табылуы бек мүмкін. Клуб қорына жейделер саудасынан 70 миллион еуро түскен.
4. «Челси» (Англия)
11 жыл бұрын Англиядағы ортаңқол клуб саналатын «Челсидің» миллионға жуық жейделері уақыт өте үлкен сұранысқа ие болып, сатылымға шығады деп ешкім де ойламаған-ды. Алайда команда жаңа маркетингтік жүйені ұстана білді. Ал бастысы – өз ойынын тапқан ұжым Еуропаның топ-клубтарының қатарынан ойып тұрып орын алды. Клуб осы жылы жейделерін сатудан 73 миллион еуро табыс тапқан.
3. «Барселона» (Испания)
Бұл маусымда каталондық клуб жоғары нәтиже көрсете алмады. Кешегі мадридтік клубтардың ұпай жоғалтуынан кейін чемпиондық атаққа таласуға әлі аз да болса үміт бары байқалды. Сонымен қатар «Барселона» осы жылы дау-жанжалдың ортасында да болды. Десе де клуб жейделері сұраныстан қалып қойған жоқ. Клубтың сатылған жейделері қаржы қорына 92 миллион еуро түсірген.
2. «Манчестер Юнайтед» (Англия)
Ең сәтсіз маусымын өткізген «қызыл сойқандардың» басты табыс жолы саналатын акциялары құлап келеді. Десе де дизайны керемет ойластырылған манкуниандық клубтың жейделері сұраныстан қалып қойған жоқ. Робин ван Перси мен Уэйн Руни есімдері жазылған жейделер ең көп сатылыпты. Команда жейделерінің саудасынан 112 миллион еуро қаржыға кенелген.
1. «Реал» (Испания)
Мадридтік «Реал» жейделерінің өтімділігі мен саны бойынша көш бастады. Тек жетінші нөмірдегі Криштиану Роналдудың есімі жазылған жейделерден түскен қаржы, кей ортаңқол клубтардың түсірген табысынан жоғары екен. Ал осы маусымда клуб қатарын толықтырған Гарет Бэйлдың есімі жазылған жейделер санының өзі 40 мыңды құрапты. «Корольдік клубқа» жейделерін сатудан 112 миллион еуро қаржы түскен.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: livesport.ru, sports.ru
О. Сансызбай