- Негізгі бет
- Бұл қызық
- Ел күткен Эль-Класико...
Ел күткен Эль-Класико
Бүгін футболсүйер қауым асыға күткен кезекті эль-класико өтеді. Көпшілік білетіндей, бұл - "Реал" мен "Барселона" командалары арасындағы бәсекеге толы ойын.
Испания кубогы жартылай финалындағы қарымта ойын Мадридте өтеді. Астана уақытымен түнгі сағат 02:00-де басталады.
Екі команда арасындағы бірінші ойын "Камп Ноуда" өтті. Каталондық клуб фаворит саналғанмен, бұл кездесу 1:1 есебімен тең аяқталған болатын. Бүгін түнде қарымта ойын күтіп тұр.
Испания кубогында "Реал" каталондық ұжымды 4 жылдан бері жарыс жолынан шығара алмай келеді. Бұл жолы қалай болар екен?
Бірінші ойын алдында Лионель Месси жарақат алып, алғашқы минуттардан бастап алаңға шыққан жоқ. Орта тұста қосылғанмен, командасына көмегін тигізе алмады. Ал одан бергі аралықта аргентиналық футболшы толықтай айықты. Нағыз бабына келді. "Севильяға" қарсы өткен соңғы ойында 3 гол соғып, хет-трик жасады. Бір нәтижелі пас берді.
"Барселона" сапынан жарақатына байланысты Луис Суарес алаңға шықпауы мүмкін. Бұл жаңалық блауграна жанкүйерлерінің көңіл-күйін түсіргені рас.
Эль-Класико - әлемдегі ең танымал екі команданың бәсекесі ғана емес, жас талантты ойыншылардың танылар сәті де. Кезінде дәл осы ойындар кезінде Месси, Неймар, Серхио Рамос, Каземиро секілді ойыншылардың жұлдызы жанды. "Ендігі кезек - Винисиуста" - дейді сарапшылар. 18 жастағы вундеркинд бүгін өзін сан қырынан көрсету үшін барын салары сөзсіз. Бірінші ойында бұл ойыншыға аздап сәттілік жетіспеді. Бәлкім, осы ойын бағын ашар?...
"Реал" мен "Барселона" арасындағы ойын голға бай болады. Екі команда арасындағы гол соғылмаған ойын 17 жыл бұрын өткен. Нақтырақ айтсақ, 2002 жылдан бері Эль-Класико кем дегенде бір гол соғылып келеді. Соңғы 10 ойында шамамен 3,6 голдан соғылған.
Екі команда бір аптада екі рет (бүгін түнде және 3 наурызда) ойнамақ. Екі ойын да "Сантьяго Бернабеуде" өтеді. Бірінші ойында финалға шыққан команда анықталса, екінші ойында чемпиондық атақ үшін таластың бір түйіні шешілмек.
Бүгін 240-шы Эль-Класико ойыны өтеді. Осыған дейін екі команда арасындағы ойында "корольдік клуб" 95 рет жеңіске жетсе, "Барса" 93 рет ұтқан. Ал 51 рет тең ойнаған.
О. Сансызбай