Дзюдодан Бакуде өткен "Үлкен дулыға" турнирінде спорт жанкүйерлері күтпеген әрі қызық оқиға болды. Португалдық дзюдошы Анри Эгутидзе татамиге телефонын ала шыққан.
Белдесу кезінде балуанның кимоносынан смартфон сусып түсті. Төреші телефонның түскенін аңғарып, белдесуді тоқтатты. Нәтижесінде Анри Эгутидзеге бірден техникалық жеңіліс жазылды. Дзюдо спорты ережесі бойынша татамиге қандай да бір зат алып шығуға болмайды. Ал спортшы болса смартфонын қойнына қыстыра салғанын ұмытып кеткен көрінеді.
Анри Эгутидзе 2016 жылы жасөспірімдер арасында Еуропа чемпионы атанған. Осы маусымда Гран-При кезеңдерінде үш рет жүлдегерлер қатарынан көрінді. Тбилисиде (Грузия) күміс алса, Агадир (Марокко) мен Загребте (Хорватия) қола жүлде еншіледі.