- Негізгі бет
- Бұл қызық
- Дубайда су астына...
Дубайда су астына орналасқан теннис алаңы салынуы мүмкін
Біріккен Араб Әмірлігінің ірі қалаларының бірі – Дубай әлемді таңдандырып келеді. Бұл қалада әлемдегі ең биік ғимарат, ең қымбат қонақүйлер, жасанды аралдар т.б. орналасқан. Жақында «Concept Studio 8+8» архитекторлық компаниясының басшысы Кшиштоф Котала Дубай қаласының басшылығына ерекше жоба ұсынды. Жобада Парсы шығанағы астынан теннис алаңын салу көрсетілген.
Польшалық компанияның басшысы су астындағы теннис кортының концепциясын жасап шығарған. Қазіргі таңда ол демеушілер іздеп жатыр екен. Егер Дубай қаласы басшылығынан қолдау тауып салынар болса, әлемдегі ең алғашқы су астындағы теннис корты болмақ. Жоба авторлары өз ойлары іске асатын болса, ірі көлемде қаржыға кенелетінін де жасырып отырған жоқ.
Су астына орналасқан теннис корттары көміртекті (бүкіл органикалық заттардың ең маңызды құрамы болатын химиялық элемент) терезелермен жабылмақ. Жиналған жанкүйерлер теннисшілердің ойынынан бөлек, Парсы шығанағының су асты табиғатын да тамашалай алады. Сонымен қатар түрлі сауық кештері мен кішігірім көрме ұйымдастыруға да жағдай жасамақ.
Айта кетейік, Дубайда дүние жүзіндегі ең биікте орналасқан теннис корты бар. «Burj Al Arab» ғимаратының биігіндегі алаң жер бетінен 300 метрдей жоғары орналасқан. Негізінен алаң тікұшақ қонуға арналып салынған.
О. Сансызбай