- Негізгі бет
- Бұл қызық
- Давид Лория мен...
Давид Лория мен Самат Смақов – үздіктер
Футболдан Түркияның деңгейі жағынан бірінші лигасында өнер көрсетіп, биыл ғана жоғарғы лигага жолдама алған «Чайкур Ризеспор» командасының қазақстандық ойыншылары Давид Лория мен Самат Смақов Marka-Futbol интернет басылымының нұсқасы бойынша, бірінші лиганың үздік ойыншылары атанды.
Marka-Futbol басылымы Түркия жерінде екі жылдан бері үздік ойыншыларды таңдап келеді. Биыл да бұл дәстүр өз жалғасын тапты. Ал оның қорытындысы бойынша, енді ғана Түркияның жоғарғы лигасына жолдама «Чайкур Ризеспор» командасының қазақстандық қақпашысы Давид Лория «Үздік қақпашы» атағын иеленсе, Самат Смақовқа «Үздік орталық жартылай қорғаушы» атағы бұйырды. Енді келер жылдан бастап Давид пен Самат Түркияның жоғарғы біріншлігінде Дирк Кайт, Мусса Соу, Бурак, Весли Снейдер және Дидье Дрогба сынды ойыншылармен иық тірестіріп ойнайтын болады.
Үздіктерді марапаттау рәсімі Ыстамбұл қаласында өтті. Салтанатты жиын барысында «Чайкур Ризеспор» командасының жетекшілері «Келесі мақсат Еуропа Лигасының жолдамасына таласу керек екендігін» айтты. Және де команданың екі ойыншысы «үздік» атанғандары қуантатынын тілге тиек етті.
Ал «Үздік жартылай қорғаушы атанған» Самат Смақов бұл атаққа өте қуанышты екенін, дегенмен жекелей жетістіктерге қарағанда, командалық мүддені көп ойлайтынын айтты: «Біздің жанкүйерлер Түркияның Суперлигасына қайта оралуды армандады. 5 жыл бойы „Чайкур Ризеспор“ өкінішке орай бұл мақсатқа жете алмаған еді. Бірақ Мустафа Денизли сынды білікті бапкермен биыл біз бұл мақсатты орындадық», - дейді.
«Үздік қақпашы» атанған Давид Лория өз кезегінде Саматтың сөзін толығымен қолдайтынын білдірді: «Мен „каледжи“ (үздік қақпашы) атағын жеңіп алғаныма қуаныштымын. Дегенмен, команда қатарындағы басқа ойыншыларды осал дей алмаймын. Егер біз Суперлигаға шықпасақ, бұл атақты жеңіп алмас па едік», - дейді Лория марапаттау барысында.
Дайындаған: Уалихан Қосанбай
Сурет: sports.kz
Ю. НИКУЛЛИН