Миынан жарақат алып, қарапайым адам бір күнде данышпанға айналарына сенесіз бе? Иә, ондай ғажайып болады екен. Біз әңгімелегелі отырған кейіпкерлерге сирек кездесетін савантизм (гений) синдромы диагнозы қойылған. Саванта немесе савантизм – француздың savant [savɑ̃] "оқымысты" сөзінен шыққан. Ол дамуында кемістігі бар адамдардың белгілі бір сала бойынша данышпанға айналуын білдіреді. Мұндай жағдай көбіне аутизммен ауыратын науқастарда кездеседі. Бұл құбылыс генетикамен немесе бастан алған жарақат салдарынан пайда болады. Савантизмді зерттеген Джон Лангдон Даун 1887 жылы оны алғаш рет "ақылды ақымақ" терминімен сипаттаған.
Фракталдар және математика
Бір күні Джейсон Пэджетт досымен бірге бардан шығып, үйіне кетіп бара жатқанда бұзақылар оны тонап, ұрып кетеді. Таяқ жеген Пэджетттің миы шайқалып, ұзақ уақыт ауруханада жатады. Ауруханадан шыққан кезде жас жігіт өзінде жаңа қабілет пайда болғанын сезеді. Оның айналасындағы заттардың бәрі бөліктерге бөлініп, қозғала бастайды. Краннан ағып жатқан су, бұлттар, шалшық, кемпірқосақ – бәрі Джейсонға пиксель түрінде көрінеді. Ол не көріп тұрғанын түсіну үшін сурет сала бастайды. Осылайша қағазда шеңберлер мен көпбұрышты күрделі пішіндер пайда болады.
Математикаға қызығушылығы жоқ Пэджетт өзі салған суреттердің графика мен фрактал екенін бірден аңғармайды. Кейінірек суреттер күрделене түсіп, оған көз алдында не болып жатқанын түсінуге көмектесті. Қазір Джейстон әлемді шарлап, математика және оның керемет тәжірибелері туралы әңгімелейді.
Күнтізбе данышпаны
Орландо Серелл оқиғасы дүниежүзілік БАҚ-та жарияланды. Бейсбол ойыны кезінде алған жарақат салдарынан 10 жасар бала күнтізбеге байланысты кез келген санды лезде есептейді. Мысалы мың жылдан кейін ол аптаның қай күні 12 наурыз болатынын ойланбай айтып бере алады.
Найзағайлы музыкант
Тони Цикорияның өмірінде де адам таңғаларлық кездейсоқ жағдай болған. 1994 жылы оны телефон кабинасынан шыға бергенде найзағай соғады. Әлемге әйгілі музыкант болғанға дейін ол ортопедия дәрігер мамандығында жұмыс істеген. Ешқашан музыкаға қызықпаған.
МРТ оның миында ешқандай жарақат жоқ екенін көрсеткен. Бірақ оқиғадан бірнеше күн өткен соң Цикори фортепиано сатып алып, музыка ойнай бастаған. Қазір ол Шопеннің және басқа классикалық сазгерлердің танымал шығармаларын орындай отырып, оркестрмен бірге концерттерге қатысады.